Қарағандыда жетімдер үйінің түлегі 15 жылдан бері пәтер ала алмай жүр. Светлана Терещук 18 жасында кезекке тұрса да қазір 1535- інші болып тұр. Күйеуінен жесір қалған жалғызбасты ана үш баласын әрең асырайды. Светлана осы кезге дейін неге баспана ала алмай жүр? Тілшіміз Айжан Қуаш анықтап көрді. Светлана Терещук -Теміртау қаласындағы балалар үйінің түлегі. 18 жасында жетімдер мекемесінен шыққан соң барар жер, басар тауы жоқ далада қалған. Содан үй кезегіне тұрады. Арада 15 жыл өтті, тұрмысқа шықты, 3 бала сүйді. Күйеуі қайтыс болған. Светлана қазір 33 жаста. Әлі күнге дейін көрінгеннің жаман жұтық үйін жалдап көшумен келеді. Светлана ТЕРЕЩУК, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Әкімдікке де бардым, баспаған табалдырығым жоқ. Тоспасаңыз ипотека алыңыз дейді, ипотека маған берілмейді жалақым аз ғой. Тым болмаса мемлекеттік жалдамалы өз пәтерім болса деп армандаймын. Балаларым мен сияқты далада қалмаса екен. Светлананың қазір тұрып жатқан жалдамалы пәтерінде ыстық су да жоқ. Пеш жағатын екі қабатты үйден арзан бағаға әрең тапқан. Жалақысы -65 мың теңге. Кезек күтпей тұрғын үй бағдарламаларына қатысайын десе ақшасы жетпейді, әрі жасы да сәйкес келмейді. Қорғаушысы Әсел Ізтілеуованың айтуынша, жергілікті әкімдік Светлананы әу баста кезекке дұрыс қоймаған. 2014 жылы толық емес отбасы деген санатпен тіркелгендіктен жылдар бойы баспанаға ілікпеген. Жетімдер санатына өзгерту үшін жарты жыл бойы соттасты. Салдарынан әлі үй ала алмай отыр,- дейді. Әсел ІЗТІЛЕУОВА, ҚОРҒАУШЫ: Қазір 1535- інші кезекте тұр. 10-15 жылда бұл санаттағыларға үй берілді ғой. Светлана баяғыда- ақ пәтер алар еді. Қаншама уақытын жоғалтып алды, қазір ешбір бағдарламаға қатыса алмайды. Ол тіпті меншік үй де сұрап отырған жоқ, жалдамалы пәтерге де келіседі. Бірақ жетім қызға еш мүмкіндік берілмей отыр. Ал, әкімдік маманының айтуынша сот шешіміне сәйкес Светлана тиісті кезекке қойылған. Ол бүгінде 1535- інші болып өз пәтерін күтуде. Әділ ӘУБӘКІРОВ, ҚАЛАЛЫҚ «ТҰРҒЫН ҮЙ ҚАТЫНАСТАРЫ» ММ ТҰРҒЫН ҮЙ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Ол қазір сол 2014 жылдың 8- інші шілдесінен бастап кезекке қойылды. Жетімдер санатында. Кезектің жылжуы тұрғын үй құрылысына байланысты. Көп салынса көп беріледі, биыл мысалы 70 тей көп қабатты үй тұрғызылып жатыр, оның 5- еуі ғана мемлекеттік бағдарламамен салынады. Әкімдік маманы мемлекеттік тұрғын үй өте аз салынатындықтан әлеуметтік осал топ өкілдерінің пәтер кезегін ұзақ күтетінін айтады. Былтыр тіпті Қарағандыда тұрғын үй қорына мүлде қаржы бөлінбепті. Ал ол сома республикалық бюджеттен ғана бөлініп, бекітіледі екен. Жылына аймақтарда 20-30 ақ адамға пәтер берілетінін ескерсек Светлананың жақын арада үйлі болуы екіталай. Сондықтан қорғаушысы тым болмаса жалдамалы пәтер беруді сұрап әкімшілік сот пен бас прокуратураға арызданбақшы.