Қарағандыда қақаған аязда далаға шақалағын тастап кеткен ерлі- зайыптылар ұсталды. Сәбиді сенбі күні түнде қонақтан келе жатқан қала тұрғыны тауып алған. Оқиға Қарағандының жаңа орталығы, оңтүстік- шығыс ауданынында Қарағанды мемлекеттік университетінің маңында болды. Нәресте көпқабатты үй подъезінің алдында қардың үстінде жатқан. Шошып кеткен ер адам дереу полицияға хабарлайды. Полиция тастанды сәбидің анасын бір апта іздеді. Бақытжан ҚҰДИЯРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: “Жас нәрестені далада тастап кету дерегі бойынша күдікті 29 жастағы ер адам мен 22 жастағы азаматша ұсталды. Қазіргі уақытта оқиғаның толық мән жайы анықталуда. Өзге ақпараттар тергеу құпиялығына сәйкес жариялауға жатпайды” Бала осы кезге дейін балалар ауруханасында емделді. Дәрігерлердің айтуынша, денсаулығы жақсы. Жақында бөбектер үйіне жіберілмек. Светлана КУРГАНСКАЯ, ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ НЕОНАТОЛОГ ДӘРІГЕРІ: Бала 24-інші ақпан күні түнгі сағат 10 да жаңа туған нәрестелер бөліміне түсті. Толық тексеруден өтті. Қазір жағдайы қанағаттанарлық. Бөбектер үйіне жіберуге дайындап жатырмыз.