Әлеуметтік желіде Қарағанды қаласының тұрғыны Гүлден Молдабекованың ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне жолдаған үндеуіне қатысты облыстық Денсаулық сақтау басқармасы түсініктеме берді, деп хабарлайды Zakon.kz.Гүлден Молдабекова 21 маусымда Х.Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханада уақтылы медициналық көмек көрсетпеген дәрігерлердің кінәсінен жұбайы қайтыс болғанын айтады. "21 маусымда сағат 02:33-те жедел жәрдем шақырдым. Күйеуімнің аяқ-қолы ұйып, жүрегі қатты соғып кетті. Ауруханаға келгеннен кейін оны дәрігерлер ұзақ қарады. Диагноз қоя алмады. Мені сағат 04:50-де үйге жіберді. Таңғы сағат 08-00-де күйеуімнен аудиохабарлама алдым: "Гүлден, маған ешкім қарап жатқан жоқ, жағдайым өте нашар, осы уақытқа дейін маған ешкім (дәрігер) келмеді", - деді. Содан ауруханаға қайта жүгірдім. Сағат 08.50-де келгенде ол тілге келмей жатты, тек көздері ғана қозғалады. Мен шулатқан соң оны бірден жансақтау бөліміне алды! 2 сағаттан кейін жаман хабар келді",-дейді Гүлден Молдабекова.Ол аурухана дәрігерлерінің салғырттығы мен селсоқтығына шағымданып, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен күйеуінің өлімін тексеруді сұрайды. Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасы аталған фактіге қатысты түсініктеме берді. "Профессор Х.Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың әкімшілігі аталған науқасты кезекші дәрігер - невропатолог уақтылы тексергенін хабарлайды. Қажетті тексерулер жүргізілді (миға КТ, ЭКГ, КЩС, қан анализі). Реаниматолог, терапевт, оториноларингологпен кеңесе отырып, консилиум өткізілді. Науқас инсульт бөліміне жатқызылды", делінген ведомство хабарламасында. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы науқас өлімі фактісі сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелгенін, іс жүргізу әрекеттері қолға алынғанын нақтылайды. Аурухана басшылығы науқастың туыстарына көңіл айта отырып, тағылған айып дәлелденген жағдайда жауапты медицина қызметкерлері жазаланады деп сендіреді.