Шымкент хайуанаттар бағында қарақу жұбының балапандары жұмыртқаны жарып шықты. Бұл туралы аталған мекеменің Instagram парақшасында жазба жарияланды."Біз көптен күткен қарақуларымыз екі ай бұрын 2 балапан басып шығарған болатын. Балапандар жұмыртқадан аман сау шығып, қазіргі таңда жағдайлары өте жақсы. Туылғаннан кейін балапандарды қарау өте қызықты болды. Олар өз ата-аналарының кішкентай көшірмелері. Туылған балапандарының түсі сұр болып, өсе келе қара түске айналады. Қарақулар да сондай адал құс. Ұяларын аталығы пен аналығы жасайды. Олар балапандарын бірге шығарып, балапандар ұяда бірнеше сағат қана күш жинап болған соң, ата-аналары оларды су тоғандарына шығарады", деп жазды Шымкент хайуанаттар бағының баспасөз қызметі.Бұл құстар Аустралия аумағында және Тасмания аралдарында мекен етеді. Аустралиялықтардың ең сүйікті құстарының бірі саналады. Олар әртүрлі су қоймаларында, соның ішінде көлдерде, өзендерде өмір сүреді, су өсімдіктерімен, кейде жәндіктермен қоректенеді. Құстардың қанаттары күшті және жақсы ұшатынына қарамастан, олар қыста жылы жаққа қоныс аудармай, әдеттегі орындарында қыстайды.