Бүгін Қараөткел ауылының тұрғындарының түні тыныш болмады. Қарғын су ауыл іргесіне дейін келді. Бірақ алдын-ала жасалған сақтық шараларының арқасында елдімекен аман қалды. Ауылдағы мән жайды әріптесім Сндет Оралбек тарқатсын. Сүндет ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:Түнде Мұқыр өзені арнасынан тасыды. Қараөткел ауылының тұрғындары тасқын судың алдын алу үшін дамбаны биіктету жұмыстарымен айналысты. Қазір мұнда 22 млн текше метр су жиналған. Тереңдігі 3 метрден асады. Бірақ түндегімен салыстырғанда су деңгейі жарты метрге төмендеген. Артық су осылай ағызылып жатыр. Бұл жайылымды жерлерге жіберілуде. Кеше Қараөткелді су алды деген түрлі жазба мен видеолар әлеуметтік желіде желдей есті. Қолынан келгенше көмек беруге ниет танытқандар көп болды. 1000-ға жуық белсенді жиналып, жұртым деп жұмыла әрекет еткен. Кей жерлерге техника кіре алмай, топырақ салынған қаптарды жаяу тасыды. Нұрбол КЕЛДЕНБЕКҰЛЫ, ТҰРҒЫН:19 микройайон төмендеу жерде тұр. Сол ауылға су кіріп кетпесін деп сол жақтың барлығын жаптық, тяқнақтап. Бірақ су жақын, ауыл сыртымен өтіп жатыр. Бұл дамба жарылып кеткеннің өзінде, екі жұма күндіз-түні жасаған екінші дамбамыз бар. Барлық ауылға су кіріп кетіп, еңбектенгенше, алдын алып салдарымен күрескен жақсы ғой. Сақтық шарасы өте жақсы жасалды. Тұрғындар мен әкімдік бірлесіп тасқын судың алдын алуға екі жеті бұрын қамданған. Ауыл іргесіне бөгеттер салып, құрғап қалған арықтар мен өзен сағасын тазартыпты. Талапбек ДАУЫЛТАЕВ, ҚАРАӨТКЕЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:Негізі бұл Нұрадан көтеріліп келген су. Бұны дамба ұстап, жайылымына, егістігіне жіберетін су. Ауылға төніп тұрған қауіп жоқ. Осыдан екі апта бұрын 14 км дамба салдырып, әзірленгенбіз. Бөгетті биіктету жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Оған волонтерлардан бөлек 100-ге жуық әскери қызметкер жұмылдырылған. Халқына қалқан болар азаматтар қолдарынан келгенше көмек беруде. Тіпті мектеп оқушылары да бір күндік ақшасын жинап, еріктілердің керек жарақтары мен ішіп жемін алып келіпті. Валентина ТАЛҒАТҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:Біздің балаларымыз ақшаларын үнемдеп, осында еңбек етіп жүрген адамдарға көмек беруде. Балаға тәрбиені үйреткеннен көрі іспен көрсеткен дұрыс деп ойлаймыз. Жақын маңда орналасқан бөгеттердің барлығын қайта жөндеуден өткізу керек. Себебі жаздыкүні шабындық жерлерде су тапшы болады. Оның алдын алу үшін көктемде келген қарғын суды сақтап қалу маңызды дейді ауыл тұрғындары.