Қазақстандық боксшы қыз Карина Ибрагимова финалда Тайпей өкілі (Тайвань) Ю Тин Линнен ұтылып, Азиа ойындарының күміс жүлдегері атанды.Аталған 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі шешуші жекпе-жектің алдын ала болжамдары бойынша, басымдық Карина Ибрагимованың қарсыласы жағында болды. Екі дүркін әлем чемпионы Ти Лин жекпе-жектің алғашқы минуттарынан бастап артықшылыққа ие болып, сенімді түрде жеңіске жетті. Есеп: 5:0. Карина Ибрагимова Қазақстан құрамасының қоржынына 14-ші күміс медальды салды.5 қазанда рингке шығатын Қамшыбек Қоңқабаевтың (92 келіден жоғары салмақ дәрежесінде) алтын медаль алу мүмкіндігі бар. Оның қарсыласы – Өзбекстан боксшысы, Олимпиада чемпионы Баходир Джалолов, ол соңғы кездері ешкімге дес бермей келеді. Қазір Қазақстан құрамасының активінде 60 медаль бар: 8 алтын, 14 күміс және 38 қола жүлде. Бұған дейін Ибрагимова Парижде өтетін Олимпиада ойындарына лицензия ұтып алған болатын.