Желіде Қарқаралы қаласында қасқыр адамдарға шапқаны туралы ақпарат пайда болды. Алдымен зардап шеккен екі адам, содан кейін үш адам туралы хабарланды. Қарағанды облыстық ПД өкілдері бұл жағдайға түсінік берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ. "Вечерняя Караганда" Telegram-арнасының ақпараты бойынша, бүгін таңертең қалада дүрбелең туған. Қасқыр таңғы алтыда Қарқаралының шетіндегі екі жалғыз жолаушыға шабуыл жасаған. Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы алдымен орталық аудандық ауруханаға екі әйелге қасқыр шапқанын хабарлады. Бірінің қолы жараланған, екіншісінің денесінде бірнеше жерден тіс ізі қалған. Ведомство өкілдері бұл деректерді нақтылап, ауруханаға үш адам жүгінгенін айтты. Науқастар ем алып, құтыруға қарсы препараттар енгізілген, үшеуі де амбулаториялық емдеуге жіберілген. Қарағанды облысының ПД өкілдері NUR.KZ тілшісіне полицейлер ветеринария органдарымен бірлесіп жабайы жануарды жою бойынша шаралар қабылдап жатқанын хабарлады.