Елордада жыл басынан бері 300-ге жуық өрт болды. Көрсеткіш былтырға қарағанда 1 жарым есе көп. Себебі адамдар өрт қауіпсіздігін сақтамайды, шылым шегіп лақтыратындар бар дейді мамандар. Тіпті отты қасақана қоятындар кездеседі.Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ: Қазір қаланың қақ ортасында қамыс жанып жатыр. Шамамен 300 шаршы метрлік аумақ. Қауіптісі - өрт тұрғын үйлерге жақын. Қазір өрт сөндірушілер қалың жалынды сөндіріп үлгеру керек. Абайсызда шыққан өрт жел болғандықтан тез өршиді. Қызыл жалын бетті қарып, түтінмен ұшқан шоқ айналаны жайпап барады. Абырой болғанда, өрт сөндірушілер дер кезінде келіп, тілсіз жауды ауыздықтады. Дархан УӘЛИЕВ, №10 ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ КОМАНДИРІ: Осындай сухостойлар жанғанда темекі шегеді де сөндірмей, урнаға тастамай лақтыра салады. Қазіргі жағдай көріп тұрсыз, шөптер бәрі құрғақ. Тез жанып кетеді олар. Квартиралар көбісі проводкадан кетеді, кішкентай балаларды қараусыз тастап кетеді. Сіріңкемен ойнайды, газбен ойнайды. Бас қалада 4 айдың ішінде 279 өрт оқиғасы тіркелген. Ең көбі - Алматы ауданында. Ілияс ЖАЙНАҚОВ, ТЖД АЛМАТЫ АУДАНЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: Қазіргі таңда құрғақ шөптің жану оқиғалары тіркелуде. Жану себептері - адамдардың қасақана өртеуі, темекі тұқылын тастауы, сонымен қатар балалардың жағып кетуі, сондай оқиғалар тіркеледі. Күніне кеміне 10-15 шығу тіркелуде қазір. Қасақана өрт шығарған адамға әкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша 20 айлық есептік көрсеткіш, яғни 69 мың теңге айыппұл салынады. Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қала тұрғындарына сақтық шараларын түсіндіріп, көпшілікке айтып келмейтін апаттың алдын алу үшін көшелерде рейд жұмысын күшейтті.