Бүкіл мұсылман асыға күтетін қасиетті рамазан айының басталуына санаулы күн қалды. Биыл ораза ұстап, ауыз бекітуді бастайтын уақыт күнтізбе бойынша 23 наурызға дәл келіп отыр. 20 сәуірге дейін оразаға ниет еткен әрбір мұсылман ішіп-жеуден тиылып, жаман әдеттерден бойын аулақ ұстап, жақсылыққа ұмтылады. Биылғы рамазан айы несімен ерекше, оразаны қандай амалдармен жеңілдетуге болады? Әріптесім Ақбота Базарбай толықтырады.Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ: Қасиетті айда сауапқа кенелуді көздеген жұрт, оразаны ерекше ықыласпен күтуде. Бұл айда жасалған қайырлы істің сауабын санау мүмкін емес. Айлардың сұлтаны болған Рамазан Алланың мұсылмандарға берген ерекше сыйы. Қасиетті айда молынан сауапқа кенеліп, Жаратқанға жақындағысы келетіндер үшін үлкен мүмкіндік дейді имамдар. Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ, ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ, БАС МҮФТИ: Биыл рамазан айы 23 наурызда басталады. Ал сәуір айының 17-нен 18-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 21 сәуір – ораза айт мерекесі. Шариғат бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау – парыз. 30 күнге созылатын оразадан жасы келген қариялар мен денсаулығы нашар жандар, сапарға шыққан жолаушылар босатылады. Оған қоса емізулі баласы бар аналар ауыз бекітпесе болады. Алайда олар басқа уақытта қарыздарын өтеуге міндетті. Ал қалың көпшілік қасиетті айға дайын ба? БЛИЦ: - Алла қаласа, ұстаймын деген ойдамын. Биыл төртінші жылым. Жалпы отбасымызбен ұстаймыз. - Алла жазса ұстаймын, ниеттеніп отырмын. Екінші жыл.Діни басқарма бүкіл Қазақстан бойынша пітір садақа мөлшерін 535 теңге етіп бекітті. Ал еліміздің барлық мешіттерінде 22 наурыз күні кешкісін тарауих намазы оқыла бастайды. Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ: Бас мүфти барша қауымға қасиетті Рамазан айында арақ-шарап ішілмесе, дүкендерде сатылмаса, мүмкіндігінше құдайы астар кешкі ауызашар уақытында өткізілсе деген тілегін жеткізді. Алла Тағала Рамазанның құрметі үшін жасаған жақсы істеріміздің себебімен баршамызды жақсылыққа кенелткей.