АҚШ-тың Алабама штатында үш айлық нәрестені үй жануары – қасқыр мен иттің буданы өлтірді. Kazinform бұл туралы BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.Бала бейсенбі күні жануар салған жарақаттан қайтыс болды. Үй жануары сол жерде жойылды. «Челсидегі баланы үй жануары өлтіргені және оның алған жарақаттан қайтыс болғаны расталды», - деді қала мэрі. Құтқару қызметіне шамамен 13:00-де жануардың шабуылы туралы хабарлама келіп түскен. Сәби дереу ауруханаға жеткізілгенімен, артынша алған жарақатынан көз жұмғаны анықталды. Полиция жануарды қасқыр мен иттің буданы деп сипаттады. Сәбидің отбасы оны үй жануары ретінде ұстаған. Қала мэрі оқиға кезінде үйде басқа да балалар болғанын айтты. Дәл осындай оқиға 2018 жылы Вирджиния штатында да болған. Ол кезде қасқыр-ит гибриді сегіз күндік сәбиге шабуыл жасаған. Қасқыр-ит гибриді дегеніміз не және оларды АҚШ-та үй жануары ретінде ұстау заңды ма? Миннесотадағы Wolf Center халықаралық орталығының мәліметіне сәйкес, бұл – үй иті мен қасқырдың буданы. «Олар жақсы үй жануары болуы мүмкін бе?» деген сұрақ көптеген қайшылық тудырды. Wolfcenter мәліметінше, кейбір адамдар қасқыр мен ит гибридін үй жануары ретінде ұстай алады. Бірақ жануардағы қасқырдың белгісі неғұрлым жоғары болса, соғұрлым қауіпті. АҚШ-та жыл сайын мұндай мыңдаған жануарды тастап кетеді. Өйткені адамдар оларды сатып алады да, күтім жасауға дайын болмай шығады. АҚШ федералды заңы қасқыр мен ит буданын үй жануарына жатқызады, бұл аталған жануарды иеленуді заңды етеді. Алайда, басқа штаттардың мұндай экзотикалық жануарды өсіру мен ұстауды реттейтін өз заңы бар. Иллинойс, Мичиган және Нью-Йорк сияқты бірнеше штаттар қасқыр-ит гибридін үй жануары ретінде ұстауға заңмен тыйым салды. Ал Алабамада оны асырау заңсыз емес. Бірақ оларды қалай ұстау керектігі туралы арнайы ережелер бар.