Иран Ислам Республикасының президенті Ибрахим Раиси тікұшақ апатынан қаза тапты. Тікұшақ ішінде сондай-ақ елдің Сыртқы істер министрі мен басқа да үкіметтік делегация мүшелері болған. Өкінішке қарай, құтқарушылар экипаж мүшелерінің ешқайсысын аман алып қала алмады. Қасым-Жомарт Тоқаев Иран Президентінің қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады. Қайғылы жағдай Шығыс Әзірбайжан провинциясында болды. Делегация Әзірбайжанда шекаралас Аракс өзеніндегі бөгеттің ашылу рәсіміне қатысып, қайтар жолда тікұшақ апатқа ұшырады. 10 сағатқа созылған іздестіру операциясына көршілес елдердің мамандары да атсалысқан. Тікұшақтың сынықтарын таңға жуық анықтаған құтқарушылар әуе көлігінің толықтай жанып кеткенін хабарлады. Ахмад ВАХИДИ, ИРАННЫҢ ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ: Хода Афарин және Гиз-Каласи бөгеттерінің ашылу рәсімінен кейін президент және онымен бірге болған басқа да адамдар үш тікұшақпен оралған еді. Тікұшақтардың бірі аймақтағы ауа-райының қолайсыздығына және тұманға байланысты апатты жағдайда қонуға мәжбүр болды. Қаралы оқиғаға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Иранның Жоғары лидері Әли Хаменеи мен бірінші вице-президенті Мохаммад Мохберге және барша Иран халқына көңіл айтты. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Тікұшақ апаты салдарынан Иран Ислам Республикасының президенті Ибрахим Раиси мен оның сенімді серіктерінің қайтыс болғаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабыл алдым. Ибрахим Раиси – Иран мемлекеті мен халқының әл-ауқатын арттыруға, мүддесінің мұқалмауына, аймақтағы тұрақтылықты сақтауға өз өмірін риясыз арнаған көрнекті мемлекет қайраткері. Қазақстандықтар Ибрахим Раисиді парасатты басшы, халықаралық деңгейдегі беделді саясаткер, екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға зор еңбек сіңірген тұлға ретінде әрдайым есінде сақтайды. Ибрахим Раиси 63 жаста еді. Ол Иран Ислам Республикасының президенті ретінде 2021 жылдың тамызынан бастап қызмет етті. Оқыс оқиғадан соң жергілікті жұрт есеңгіреп қалған. ИРАН АЗАМАТЫ: Бұл жаңалықты естіп, менің ғана емес, көптеген тұрғындардың көңілі құлазып отыр. Марқұм өте белсенді болды, күн сайын әлемде болып жатқан оқиғаларды қадағалап отыруға тырысатын. ИРАН АЗАМАТЫ: Бұл орны толмас қаза. Біз үлкен қолдау мен күштен айырылғандай болдық. Күнделікті өмірдің кей салалары мен бірқатар жобаларда үзіліс болатыны түсінікті. Дегенмен, уақыт өте мұны да еңсереміз деп ойлаймын. Иранның жоғары лидері Әли Хаменеи мемлекеттік істерде бұзушылық болмайтынын жеткізіп, қара жамылған халыққа басу айтты. Әли ХАМЕНЕИ, ИРАННЫҢ ЖОҒАРЫ ЛИДЕРІ: Мемлекет ісінде ешқандай ақау болмайтынына сенімді болыңыздар. Соңғы жаңалықтардан кейін шенеуніктер қызу жұмысқа кірісті. Біз оларға қажетті ұсыныстар бердік және ел қауіпсіздігі, шекара қауіпсіздігіне байланысты барлық жұмыстар тұрақты түрде жүріп жатыр. Апаттың нақты себебі әлі белгісіз. Алдын ала мәлімет бойынша тікұшақ қалың тұманның кесірінен тау шыңына соғылған болуы мүмкін. Көпшілікті алаңдатқан келесі маңызды мәселе – «билікке кім келеді?» деген сұрақ. Араш АЗИЗИ, ИРАНДЫҚ САЯСИ САРАПШЫ: Ибрахим Раиси қызметін өтеу барысында қаза тапқан Ирандағы екінші президент. Осыған ұқсас жағдайға Ислам Республикасының алғашқы президенттерінің бірі Мохаммад-Али Раджай да тап болған еді. Ендігі мәселе сайлауға түсуге мүмкіндік алған-алмаған кандидаттарға байланысты. Елде бес күн аза тұту күні жарияланды. Иран президентінің кезектен тыс сайлауы заңға сәйкес 50 күн ішінде өтуі керек. Бұған дейін бұл қызметті бірінші вице-президент Мохаммад Мохбер атқарады.