Өзге елдер Түркі мемлекеттері ұйымының ұстанымдарына баса мән беретін болды. Бұл туралы Ақордада өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. «Өздеріңізге мәлім, осы күнге дейін біраз шаруа атқарылды. Нақты жетістіктеріміз бар. Қазақстанның бастамасымен құрылған Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі қазіргі уақытта толыққанды, беделді халықаралық ұйымға айналды. „Түркі әлемінің келешегі-2040“ атты құжат бекітілді. Ең бастысы — бауырлас елдердің бірлігін бекемдей түстік. Ортақ құндылықтарымызды төрткүл дүниеге таныттық. Біз бабалар өсиетін орындап, түркі елдерінің ынтымағын нығайтып келеміз», - деді Мемлекет басшысы.Қазақстан Президенті ендігі мақсат — өзара сенімге және бауырластыққа негізделген бірлігімізді сақтап, өскелең ұрпаққа табыстау екендігін баса айтты. «Түркі әлемі жаһандық ықпалы бар елдермен тең дәрежеде қарым-қатынас жасап отыр. Басқа мемлекеттер біздің ұйымның ұстанымдарына баса мән беретін болды. Сондықтан түркі халықтарының ықпалдастығын арттыра түсу — бәрімізге ортақ міндет», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.