Волонтер болу — отаншылдықтың жарқын үлгісі. Бұл туралы Халықаралық волонтерлер форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.«Соңғы жылдары елімізде ауқымды реформалар қолға алынды. Тың жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл жұмыс табысты болуы үшін бүкіл қоғам ат салысуы қажет. Яғни, мемлекет пен қоғамның сенімді серіктестігі өте маңызды. Осы орайда еріктілердің рөлі айрықша. Бүгінде олар қоғамның түрлі саласында белсенді жұмыс істе жүр. Қазақстанда 2020 жыл еріктілер жылы болды. Біраз шаруа атқарылды. Қазір еліміздегі волонтерлік ұйымдар саны 3 есе өсті. Яғни, 680 ұйым бар. Еріктілердің саны 200 мыңға жетті. Барлық аймақта фронт офистер ашылды. Онда мыңдаған волонтер дайындықтан өтті. Qazvolunteer.Kz платформасы жасалды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президенттің атап өтуінше, бүгінгі таңда Қазақстанда кез келген адам еріктілер тобына мүше болып, пайдалы іске өз үлесін қоса алады. «Шын мәнінде бұл зор мүмкіндік. Сондай-ақ біздің волонтерлер Иордания, Кения, Тайланд және Түркия елдеріне арнайы барып, тәжірибе жинақтады. Осы тұста мен Қазақстан еріктілеріне қолдау көрсетіп жүрген БҰҰ өкілдеріне алғыс айтамын. Былтыр елімізде Орталық Азия волонтерлерінің алғашқы форумы өтті. Осындай маңызды шаралар алдағы уақытта да жалғасады. Себебі еріктілер қатарында қоғамға адал қызмет ету - біркүндік не болмаса уақытша жұмыс емес, бұл әр волонтердің өз еркімен таңдаған өмірлік мақсаты. Жалпы, волонтер болу патриотизмнің, яғни, отаншылдықтың жарқын үлгісі. Бұл адамгершілік құндылықтарын бәрінен жоғары қоятын жандардың өмір салты. Еріктілер өнегелі істері арқылы қоғамды дамытуға зор үлес қосады», - деді Мемлекет басшысы.