Өзбекстандағы шипажайға демалуға барған бұрынғы Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы қазақтың қыз-келіншектерінің асханадағы әрекетін сынады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.Экс-депутаттың сөзіне қарағанда, демалушылардың басым бөлігі Қазақстаннан барған. Мұндағы демалушылардың сексен пайызы Қазақстан азаматтары. Олар үшін барлық жағдай жасалынған. Қызмет көрсету мәдениеті таңғалдырады. Мұнтаздай тазалық, емнің көп түрлілігі, дәмді тамақтың молшылығы таңдай қақтырады. Бір әттегені, қанша жесең де жететін мол тамақты демалып жатқан қазақтың келін-кепшіктері елдегі әдеттеріне салып, ас ішіп бола салып пакеттеріне толтыра салып жататыны ұялтады, - деп жазды экс-сенатор. Мұрат Бақтиярұлының айтуынша, әйелдердің бұл әрекетіне асхана қызметкерлері де күлген. Асхана қызметкерлері оларға аяушылықпен қарайтын сияқты. «Қазақстанда аштық болып жатыр ма?» деп мысқылдап тұрғандарын бірнеше рет естідім. Қасымызда үстелде отыратын салмағы жеті пұттай келетін әйелге «өзіңізбен бірге тамақ алмай-ақ қойсаңызшы, ұят емес пе?» десем, жұрт алып жатыр ғой, мен де аламын» деді. Не дерсің, көргені сол болса. Шіркін-ай, бойында бір артық еті жоқ, барған жерінен немерелеріме деп екі-үш түйір кәмпит алатын әжелеріміз бен шешелеріміздің, жеңгелеріміздің ізбасарлары тым ұсақталып кеткені өкінішті, - деп ойын білдірді ол. Айта кетейік, Мұрат Бақтиярұлы 2023 жылға дейін Сенат депутаты болды.