Әлеуметтік желіде әнұран орындалып жатқан кеде орнынан тұрмаған журналистер Тамара Вааль мен Ирина Савостьянова жұрттың сынына қалды, деп хабарлайды Stan.kz.Журналистердің әнұран орындалып жатқан кезде орындарынан тұрмаған видеосы желіде тарап кеткен. “Әнұранды құрметтеп қайтеді?! Кешірім сұрап, қателігін жуып-шайып жібере салады. Дым уайымдамаңдар. Күйдіреді-ей. Бұлар қайда тұратынын, кімнің арқасында шалқып жүргенін білмей ме”, – деп жазды желіде Дәурен Сейітжанұлы. Бұл әрекетін Vlast.kz журналисті Тамара Вааль түсіндіріп, кешірім сұрады. “Парламенттегі видео бойынша айтарым - осындай келеңсіз оқиғаның себепкері болғаныма өкінемін, әрине! Мен ешкімді ренжіткім келмеді, өз жұмысымды атқарып отырдым. Мен өз елімнің Әнұранын жатқа білемін, ылғи да тік тұрып, зор мақтанышпен орындаймын. Достар, ақпарат саласында еңбек етіп жүрген маман ретінде Парламенттегі оқиғадан тараған вирустық бейнежазбаға қатысты пікір білдіргенім дұрыс деп ойлаймын”, – дейді журналист. Ол жедел жаңалық таратып жатқандықтан, орнынан тұра алмағанын түсіндірді. “Алдымен айтарым, Әнұран кезінде орнынан тұрмау - журналистер жиі жіберетін қателік, өйткені сол сәттегі жаңалықтарды тезірек баспасөзге жеткізу керек. Ақпарат қызметкерлері - ақпаратты сол сәтте және тап қазір тарататын журналистер. Ал өз ісімнің кәсіби маманы ретінде менің де мойныма Парламент қабырғасында болып жатқан маңызды жайттарды халыққа барынша тез әрі ашық жеткізу жүктелген. Біздің жұмысымыздың ерекшелігі де осында, біз нақты уақытта болып жатқан барлық нәрсені мәтін түрінде беруіміз тиіс. Мемлекеттік Әнұран орындалып жатқанда операторлар мен фотографтар залды аралап, түсіріп жатқаны сияқты шаруа бұл. Мұны осы саладағы кез келген маман мен айтпай-ақ білуі керек. Бірақ бұл менің өз елімді, мемлекеттік рәміздерімді сүймеймін, құрметтемеймін дегенді білдірмейді. Мен Қазақстан Республикасының азаматымын, балаларым да Қазақстан Республикасының азаматтары”, – дейді Тамара Вааль. “Бүгін кейбіреулер Тамара Вааль дегеннің кім екенін дұрыс танымаған сияқты. Мен - 18 жылдық тәжірибем бар журналистпін, көбінесе тәуелсіз БАҚ-та жұмыс істедім. Жемқорлық, халықтың өзекті мәселесі туралы жазып жүрмін, рас, билікті көп сынаймын. Мен әрқашан өз жұмысымды адал орындадым және орындай да беремін. Кез келген орынды сынды қабылдауға әзірмін, бірақ дәл бүгінгі маған деген өшпенділік жаным батып тұр. Мен өз елімнің азаматымын, жемқор шенеуніктерді, ел тұрғындарының ортақ проблемаларын, көпшіліктің талап-тілегі туралы жазатын журналиспін. Дәл осындай өзекті мәселелер бәрімізді біріктіруі керек деген ойдамын. Ал менің жағдайыма еніп, түсіністік танытқан барша достарыма, әріптестеріме, жанашыр жандарға қолдау көрсеткендері үшін шексіз алғысымды білдіремін!” – дейді журналист.