Футболдан ел біріншілігінде Сыр өңірінің намысын қорғап жүрген «Қайсар» командасы қиын кезеңге тап болған секілді. Соңғы жылдары қаржылық қиындықтарды бастан өткерген клуб жақын күндері сатылымға шығарылмақшы,-деп хабарлайды Aikyn.kz. Кейінгі кездері Сыр елінің басты командасы «Қайсар» футбол клубының сәтсіздікке жиі душар болып жүргені жанкүйерлерін жабырқатып тұр. Команда ұжымы жүйелі жұмыстар жүргізгенімен, адымы ашылмаған клубтың басынан сан түрлі сынақтар өтті. Клуб тарихына көз жүгіртсек, 2016 жылы аяқдопшылар қиын кезеңді бастан өткерді. Қажырлы еңбектің арқасында бірінші лигаға түсіп қалған клуб премьер лигаға қайта жолдама алды. 2017 жылдан команда үздік алтылықтан көрініп, жерлестеріне қуаныш сыйлады. Командадағы легионерлердің сапасы да көз қуантты. Атап айтқанда, бір кездері Аякс клубының мақтанышы болған Джон Джошуа, Армения құрамасының ойыншысы Тигран Барсегян, Андерлехттің түлегі Куле Мбомбо сияқты мықтылар командада доп тепті. Сондай-ақ ел мақтанышына айналған Мақсат Байжанов, Асхат Тағыберген секілді аяқдопшылар Сыр футболының түлектері екені мәлім. Жалпы, жыл сайын сырбойылық клубтың қаржы мәселесі қылтиып көрініп қалып жатады. Былтырдың өзінде де команда қаржылық қиындықтың қүрсауында қалды. Жаңа ойыншыларды тіркеуге шектеу қойылып, «трансферлік банға» ілікті. Қарыздарынан толық құтылмай, шектеу алынбайтыны белгілі болды. Сонда да сыр аяқдопшылары еңселерін түсірмей, есесіне жүйелі ойын өрнегін көрсете отырып, премьер лигадағы орнын сақтап қалды. Осылайша, «дала қасқырларының» қайсарлығы жанкүйерлерін бір желпінтіп тастады. Былтыр Қызылорда облысы әкімі тарапынан аймақтың басты футбол командасына қолдау көрсетіліп, қаржылық қиындықтарды еңсерілетіні айтылып, жергілікті жанкүйерлерді қуанышқа бөлегені көптің есінде. Алайда бұдан да көз қуантарлық нәтиже көрінбеді. Аяқдопшылар жалақы және басқа қиындықтарды көтере жүріп, әйтеуір өткен жылды әупірімдеп аяқтады. Бұл – команданың келешегіне деген көптің күмәнін одан бетер арттыра түскені ақиқат. Жаңа жыл басталған тұста клубқа қатысты тағы бір тың дерек тарай бастады. Халық арасында сырбойылық команданы сатылымға шығарғалы жатқаны жайында ақпарат желдей есті. Онсыз да сүйікті клубының келешегіне алаңдаулы күйде жүрген жанкүйерлерді бұл қауесет есеңгіретіп тұр. Дереккөзге сәйкес, 23 қаңтардан бастап «Қайсар» футбол клубы сатылымға шығарылады делінген. Аталмыш ақпараттың ақ-қарасын анықтау мақсатында клуб әкімшілігіне хабарласып көрдік. «Қайсар» клубының баспасөз қызметі ел арасында тараған ақпаратты растап, клубты сатылымға шығаруға ұйғарым жасалғанын мәлімдеді. «Қайсар» клубының сатылымға шыға-рылғаны рас. Қазір команданың құны 1,6 млрд теңгеге бағаланып отыр. Оған клубтың өзі, команданың базасы, Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионы және қызмет- тік көліктері кіреді. Алғашқы қатысу жарна-сы – 252 млн теңге. Яғни, үміткер осы қаржыны төлеп, сатылымға қатыса алады. Ал 23 қаңтарда алғашқы сатылым болады деп жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде, сатып алушыға команда 5 жылға сенімгерлік басқаруға беріледі. Нақты айтқанда, сатылым қорытындысымен сатып алушы клубтың 51 пайыз меншік иесі атанса, ал қалған 49 пайыз мемлекеттің құзырына кіретін болады», – деп түсіндірді бұл жайында клубтың баспасөз хатшысы Ерасыл Шәрібек. Клубтың сатылымы төңірегінде жан-күйерлердің пікірі де сан түрлі. Футбол жа-нашырлары бұл қадам құптарлық бастама екенін мәлімдеп отыр. Тек клубты меншігіне алған адам аяқдопшыларға тиісті жағдай жасап, жоғары нәтиже көрсеткенін қалайды. «Менің ойымша, Қазақстан футболы, оның ішінде Сыр футболы дамуы үшін тың бастамалар қажет. Бұл тұрғыда футбол жанкүйері ретінде бірінші кезекте футболды мемлекеттен қаржыландыру тиімсіз деп есептеймін. Әлемдік тәжірибеде көптеген танымал клубтар белгілі бір инвестордың қаржыландыруы арқылы жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жатқанын білеміз. Біздің елге де осындай жүйеге көшу қажет. Сондықтан бұл бастаманы қолдаймын. Тек инвестор тарапынан клубты құрдымға жібермей, жү-йелі жұмыс жүргізуге жағдай жасаса игі. Клубтың жаңа иесі табылып жатса, Сырдың басты футбол командасын жоғары нәтижелерге бастайтын тың мүмкіндіктер қарастырады деп ойлаймын», – дейді «Дала қасқырлары» жанкүйерлер қозғалысының көшбасшысы Эрик Теңізбаев. Футбол жанашырының пайымдауынша, Америка және Еуропа елдерінің кәсіпқой футбол командалары инвестордың жеке қаржыландыру жүйесімен жұмыс істеп келеді. Бұл өзінің тиімділігін де көрсетті. Сондықтан біздің елге де мұндай жүйеге кезең-кезеңімен көшкен дұрыс екенін алға тартады. Ал мемлекеттен қаржыландыру жүйесі балалар мен жасөспірімдер спортына және спорттық нысандар салу мен оның инфрақұрылымын дамытуға бағытталуға тиіс деп есептейді. Ең бастысы, клубтың жаңа иесі команданың жұмысын жандандыруға қажетті қаражат құйса, аяқдопшылардың нәтижелі ойын көрсетуіне жол ашылары сөзсіз. Бұл тәсіл әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылатыны белгілі болып отыр. Әзірге сатылымға шыққан командаға қызығушылық танытып отырғандар бой көрсете қоймапты.