Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңатас қаласының тұрғыны Медеубек Есембековті туыстары екі жылдан бері таппай жатыр. Жұбайы Жансая Сүйеннің айтуынша, Медеубек 2021 жылғы тамыз айынан бері хабар-ошарсыз кеткен, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.Жансаяның сөзінше, 2021 жылы жаз мезгілінде күйеуімен қатты сөзге келіп қалған."Медеубек ішімдікке жақын еді. Біз 2021 жылы жазда қатты ұрсысып қалып, мен үйден Атырауда тұратын әпкеме кетіп қалдым. Құрсағымда екі айлық бөпем бар еді. 10 күн ішінде өзі маған татуласайық деп хабарласты. Мен келістім де, "мені келіп алып кет" дедім. Ол атам мен әпкелеріне Атырауға кеттім деп үйден шыққан екен. Алайда Атырауға билет алмаған. Алдымен Таразға келіп, бір аптадай жүрген. Бірде сау, бірде мас күйде маған телефон шалатын. Мен оны күтіп жүрдім. Бірақ сол күйі хабарласпады. Кейін қайын әпкелерім маған "үйге қайт, сәбиіңді Жаңатаста босан, ол өзі келеді деп шақырған соң қайтып келдім. Үйде қайын атаммен қалдым, енем жоқ. Медеубек содан бері хабарсыз. Полицияға арыз жаздық, екі жылдан асып кеткеннен кейін телебағдарламалардан көмек сұрадық. Еш нәтиже жоқ", - дейді Жансая.Келіншегі Медеубекті соңғы рет 2021 жылы желтоқсанда көрген адамдар барын айтады."Қайын сіңлімнің сыныптасы көрген екен. Ол бізге Медеубек құлдыққа кетіп қалған деді. Ол айтқан жерге полициямен де бардық, таппадық. Полицияға арыз бердік", - дейді ол. Сондай-ақ Медеубектің отбасы оны іздеуге еріктілер мен блогерлерден де көмек сұрап жүгінген. Қазір Жансая қайын атасымен бірге тұрып жатыр. "Қайын атам да, қайын әпкелерім де мені ешқайда жібергісі келмейді. Табылады, келеді деп үміт үзбей отыр. Жұбайым қызын көргісі кеп армандап еді, енді өзі жоқ. Қазір қызымыз 1 жас 5 айдан асты. Тезірек табылса ғой, атама да қатты қиын болып жүр", - дейді Жансая.Жамбыл облыстық полиция департаменті Медеубек Есембековті іздеу туралы туыстарынан өтініш тіркелгенін растап отыр. Полиция дерегінше, ол бұған дейін де бірнеше рет үйінен кетіп қалған."2023 жылғы 6 сәуірде Сарысу ауданы полиция бөліміне Жаңатас қаласының тұрғыны хабарласып, 2021 жылдың тамыз айында өз еркімен үйінен кеткен 36 жастағы інісін іздейтіні туралы арызданған. Оның бұған дейін бірнеше мәрте үйінен кетіп қалып, ішкілікке салыну жағдайлары орын алғаны белгілі болды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Жедел-іздестіру шаралары жалғасуда", - дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы.