Қаңғыбастар қылмыс жасамайды. Полиция органдары осылай дейді. Бірақ, көше кезіп жүретіндерді тұрақты бақылайды. Себебі, тұрғындар жұпыны киімінен, сасыған иісінен жиіркеніп, шағымданатын көрінеді. Ал қаңғыбастарға жатар жер, жейтін тамақ болса болды. Басқа ешнәрсені уайымдамайды екен. Әріптесім Айбек Салдатбек кейіпкер кейпіне еніп көрді. Айбек САЛДАТБЕК, ТІЛШІ: Фу, мынаның иісін-ай, ит те жемейді ғой мынаны. Бір кішкене қымбатырақ, жақсырақ бірдеңе әкеліп берсе болады ғой. Мына жерден қайыр жоқ сияқты, одан да көшедегілерден барып сұрайын. Көше аралап, күн көру оңай емес. Оның үстіне жұпыны киінгесін ешкім құшағын жаймайды. Осылай Теріс айналып қаша кетеді. Қол жайып, күнін көре алмай жүрген жанға жағдайын айтып, қалтасында көк тиыны қалмағанын ашық айтқандар да кезікті. Қарын аш қалмайды. Оған көз жеткіздім. Көпшілігі қорқа соққанымен көмектесуден қашқан жоқ. Қаңғыбас болу екі мағынада да оңай емес екен. Бірақ сөйтіп жүретіні болмаса ешкімнің басын жарып, көзін шығармайды. Сөзімізді Полиция департаментінің өкілдері де растады. Олардың кейпінен қорқып-қорықпау әр адамның жеке қабылдауына байланысты дейді. Темірхан ҚАЙЫРБЕКОВ, УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЫ: Күнделікті енді жоқ дегенде әр учаске полиция инспекторына 2-3 хабардан түсіп тұрады. Учаске полиция инспекторы болсын, жол патрульдік полиция қызметкері болсын ұстаған жағдайда сауықтыру орталығына жеткізіледі. Яғни ол жерде оның мас күйінің дәрежесі анықталады. Жеңіл жағдайда әкімшілік хаттама толтырылады. Ол кісілердің саны да негізі азайып жатқан жоқ. “Демеу” әлеуметке қосу орталығы жыл сайын мыңнан астам адамды қабылдайды. Ол жерде қарттар, мүгедектер және көп бөлігі үй-күйсіз далада қалғандар. Психикалық ауытқуымен, одан қалды инфекциялық ауруымен еш жерге қабылданбай жүргендер қаншама. Сәуле АБСАДЫҚОВА, “ДЕМЕУ” ӘЛЕУМЕТКЕ ҚОСУ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖҰМЫСТАР БОЙЫНША ОРЫНБАСАРЫ: Жалпы статистиканы жылда жасап отырамыз, бірақ жылда көбейіп жатады. Мысал үшін 2021 жылы - 997 қызмет алушы, 2022 жылы - 1087 және 23 жылы - 1267 алушы осы орталықтың көмегіне жүгінген. Егер ол жергілікті Астана қаласының тұрғыны болса 1 жыл уақытқа дейін көмегін ала алады, егер өзге аймақтың азаматы болса бір ай көлемінде осы орталықта тұра алады. "Оқымасаң қаңғисың да қаласың" деуші еді бала күнімізде. Алайда бұл күйге түскендердің ішінде оқығандар да бар ғой. Сонда кінә кімнен немесе қайдан шығады?