Бейнелеу өнерінің бәйтерегі, әйгілі кескіндемеші, қазақ сурет өнерінің бастауында болған қылқалам шеберІ Әбілхан Қастеевтің туылғанына биыл 120 жыл. Халық көрнекті суретшіні еске алып, оның атындағы мұражайда ел көрмеген тың туындыларын тамашалады. Дарынды суреткер, қазақтың тұңғыш кәсіби кескіндемешісі Әбілхан Қастеевтің шығармашылығы айрықша стилімен және маңызды мәселелерді қозғап, туған жерге сүйіспеншілігімен ерекшеленді. Халық суретшісі өмірінің соңғы 15 жылын өткізген үйі мен шеберханасы 2014 жылдан бастап мұражай ретінде ашылған. Еркін НҰРАЗХАН, Ә.ҚАСТЕЕВ ҮЙ-МУЗЕЙІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: Әбілхан атамыздың бұл үйі, 1958 жылдан, өмірінің соңы 73 жылға дейін өмір сүрген, семьясымен бала-шағасымен. Бұл үйді 66 жылы қайтадан жасайды, бұзып қайтадан салады. 68 жылы шеберханасы қосымша салынады, сол шеберханада өзінің жұмыстарын жасайды. Қайталанбас дарабоз суретші өмірінің соңғы мезеттеріне дейін еңбек етіп, ғұмырын өнерге арнаған. Бұл туралы шебердің жақындары айтты. Әбілхан Қастеев соңғы картинасын аяқтай алмай дүниеден озған. Қазір шебердің өшпес мұрасын балалары жалғастырып, өнердің әр саласында көрініп жүр. Гүлдария ҚАСТЕЕВА, Ә.ҚАСТЕЕВТІҢ ҚЫЗЫ: Кейбір жұмыстарды біз өзіміз кішкентай болып көргеніміз де жоқ. Аң-таң болып отырмыз. Әкеміз өте жақсы, жуас кісі болатын, бәріне жақсы қарайтын. Балаларға да ешқашан ұрсып көрмеген кісі. Суретшінің «Амангелді сарбаздары», «Талас өлкесі”, «Қапшағай СЭС-і», «ТүркСіб»,«Ақсай карьері», «Шоқан Уәлихановтың портреті», «Мақта жинау» картиналары халыққа кеңінен танылды. Ұлы суретшінің 120 жылдығына «Әбілхан Қастеев. Ғасыр мұрасы» атты көрме ұйымдастырылып 300-аса туындылар жарыққа шықты. Оның ішінде тіпті шебердің жақындары көрмеген тың картиналар бар. Сандуғаш МЫРЗАБЕКОВА, КӨРМЕ ЖЕТЕКШІСІ: Қастеевтің шығармашылығының бастапқы кезеңі 30-жылдары басталса соңғы 70 жылдарға дейінгі аясына дейін құралған. Бұл шығармалдың ішінде басым бөлігі сирек кездесетін, қорда сақталған графикалық туындылар, яғни акварельдік бояулармен жазылған шығармалары және де 40-қа жуық бөлігін кескіндеме, яғни майлы бояуда жазылған туындылары құрайды. Бейнелеу өнерінің майталманы 1100-ден астам туындының авторы. Атақты суретшінің ең танымал жұмыстары Алматы қаласындағы Мемлекеттік Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінде сақталған.