Назарбаев Университетінің Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты (ISSAI) адамның цифрлық прототипін – Umay (Ұмай) көмекшісін жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. Технологиялық қарқынды даму дәуірінде Назарбаев Университетіндегі ISSAI қазақ тілінде адам мен компьютердің тиімді өзара әрекеттесу жолдарын іздеуді жалғастыруда. Бұл бағыттағы келесі серпілісі ISSAI командасы жақында мақтанышпен ұсынған адамның алғашқы цифрлық прототипі - Ұмай есімді ассистенті.Ұмай – шынайы әйел аватары ретінде цифрлық түрде жасалған, ресми қазақ тілінде сөйлейтін виртуалды көмекші. Оның мүмкіндіктері ғылымды, білім беруді, тарихты, технологияны және медицинаны қоса алғанда, кең ауқымды салаларды қамтиды. Аватарға түркі мифология құдайының аты ерекше мағынамен берілген. Біріншіден, атау қазақ мәдениетімен байланысты, екіншіден, Ұмай цифрлық тұлғаның алғашқы прототипі болғандықтан, команданың идеясы бойынша, ол болашақ цифрлық көмекшілердің "анасы" ретінде қабылдануы мүмкін. "Біздің басты мақсатымыз – қазақстандық зияткерлік күштің, атап айтқанда шағын ISSAI командасының озық мүмкіндіктерін көрсету. "Біз мұны Қазақстанда жасай аламыз" - деп ауыз толтырып айту. Umay жұмысында біздің институт әзірлеген бірқатар негізгі технологияларды пайдаланады. Олардың ішінде, мәтінді сөйлеуге түрлендіру, сөзді автоматты түрде тану, нейромашиналық аударманы жасау, және фотореалистикалық аватар қолдануы", - деп атап өтті Атакан Варол, ISSAI жетекшісі, кафедра меңгерушісі және Назарбаев Университетінің Инженерлік және цифрлық ғылымдар мектебінің профессоры. Доктор Варолдың айтуынша, жобаның негізгі техникалық қиындығы жүйені біріктіру болды, яғни команда бір уақытта бірнеше AI жүйелерін іске қосуы керек болды. Мысалы, Ұмай OpenAI платформасының ChatGPT чат-боты арқылы сұрақтарға жауап табады. Бірақ бұл боттың қазақ тіліндегі жұмысы әлі сапасыз екендігі бәріне мәлім. Бұл шектеуді жеңу үшін Ұмай Назарбаев Университетінде ISSAI әзірлеген "Tilmash" нейромашиналық аудармасының жетілдірілген үлгісін пайдаланады. Сонда прототип пайдаланушылардың сұрақтарын алдымен ағылшын тіліне аударып, кейін ChatGPT берген жауаптарды қайтадан қазақ тіліне аударады. "Біздің институт биыл Tilmash деп аталатын 4 тілге екі жақты машиналық аударма жасайтын жүйесін жасаған. Әртүрлі стильдегі үлкен мәтіндік қордан құрастырылған бұл модель Google және Yandex аудармашыларымен бәсекелесе алады. Яғни Tilmash қазақ тілінде айтылған сұрақтарды ағылшын тіліне аударады, содан кейін сұраныстар ChatGPT-ге барады, ағылшын тіліндеге берілген жауаптарды Tilmash қайтадан қазақ тіліне аударады. Сосын арнайы технология арқылы біз тексті дауысқа айналдырамыз", - деп түсіндіреді Umay әзірлеушілерінің бірі, ISSAI-дің аға деректер талдаушысы Асқат Күздеуов. Unreal Engine 5 бағдарламалық жасақтамасымен жұмыс істейтін Umay нақты уақытта жоғары сапалы бет анимациясын қамтамасыз етеді. Ол қазақ тілінде табиғи және еркін сөйлесуді жеңілдету үшін ISSAI-да әзірленген алдыңғы қатарлы сөйлеу технологияларын, соның ішінде автоматты түрде сөйлеуді тану (ASR) және мәтіннен сөйлеуге айналдыратын (TTS) технологияларын біріктіреді. Әрі қарай даму нәтижесінде Umay көптеген салаларда тиімділікті арттыру және шығындарды азайтуға көмектесетін қосымшасы бола алады. UMAY-ды одан әрі дамытып қолдану үшін үлкен тілдік модель, яғни қазақ тіліндегі жасанды интеллект қажет. Бұл ұзақ жолдың басы ғана, деп атап өтті Назарбаев Университетінің сарапшылары. Цифрлық көмекшінің қалай жұмыс істейтінін осы видео арқылы көруге болады. Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты (ISSAI) жасанды интеллект зерттеулеріне баса назар аудара отырып, Қазақстанның цифрлық саласындағы зерттеулер мен инновациялардың драйвері ретінде 2019 жылдың қыркүйегінде құрылды. Назарбаев Университетінің C4 зерттеу ғимаратында орналасқан ISSAI өнеркәсіп пен қоғамның нақты мәселелерін шешу үшін машиналық интеллект бойынша пәнаралық зерттеулер жүргізеді. ISSAI Азия, Еуропа және Америка Құрама Штаттарының үлгілерін ескере отырып, жасанды интеллект саласындағы ұлттық әлеуетті дамытуға бағытталған.