Алматы – Ташкент бағытындағы жолаушылар пойызын патрульдеу кезінде Қазақстанның көлік полицейлері ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп есірткі заттарын сақтады деген күдікпен жолаушылардың бірін ұстады. Бұл туралы көліктегі полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев айтты. Тексеру барысында 36 жастағы Үндістан азаматы Біріккен Араб Әмірліктері – Қазақстан – Өзбекстан бағыты бойынша жолға шыққаны анықталды. Күдікті БАӘ-ден Алматы қаласына ұшып келіп, жолаушылар пойызымен Ташкент қаласына бет алған. "Тексеру барысында шетелдік азаматтың сөмкесінен гашиш есірткі заты табылып, тәркіленді. Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 286-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта құқық бұзушы Арыс қаласы ПБ уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Өзге ақпараттар ҚР ҚПК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес тергеу мүддесіне орай жария етуге жатпайды. Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 286-бабының 1-бөлігі бойынша мүлкі тәркіленіп, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейін жаза қарастырылған", – деді Б.Малыбаев.