Керемет камбэк, тарихи жеңіс, ғажайып эмоция. Футболдан Қазақстан құрамасы 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу турнирі аясында азулы қарсылас саналатын Данияны 3:2 есебімен жеңді. Үш күн бұрын Словенияға есе жіберген Ұлттық құрама бұл жолы кеткен есені қайтаруға бар күш жігерін салды. Еуропаны шулатып, айды аспанға бір шығарған Қазақ футболы тарихындағы үздік матчқа тілшіміз Мерей Қалиасқар барып қайтты.Бұл жолы Словениядан сан соққан футболшылар бойына күш-жігерін жиып, ал 28 мың жанкүйер ақшасы мен уақытын қиып келді. БЛИЦ-САУАЛНАМА: - Футбол болғанда осындай кеп тұрамыз. Жақсы-жақсы. - Жеңеміз бе бүгін? Соған Құдай бұйырсын. - Ұтамыз, бұйыртса. Қандай есеппен? 2-1 қылып ұтамыз. Қос құрама бұған дейін төрт рет кездесіп, барлығында даниялықтар жеңіске жеткен еді. Ұпайдан айырылып, салымыз суға кеткен еді. Сол себепті бұл ойынның орны бөлек, маңызы ерек, кеткен есені қайтару керек деп шабуылдауға тырысты қазақ аяқдопшылары. Бірде сенімділік жетіспеді, бірде Каспер Шмейхель беріспеді. Енді бірде қорғаушыларымыз келіспеді. Соны пайдаланып, 21 минутта Расмус Хёйлунн есеп ашты. Голдан кейін Қазақстан құрамасының берекесі тіптен қашты. Даттықтар бірінен кейін бірі шабуылды үдетті, 34 минутта тағы сол Хёйлунн жанкүйерлердің көңілін күпті етті. Сөйтіп, алаң иелері 1 таймның аяғына дейін Шацкийдің қақпасын күзетті. Үзілісте бапкердің нұсқаулығын алып, ойынды өзгертуге барын салып, жігерленіп шықты. Бірақ тепкен доптары қақпаға дарымай, 25 минут бойы есепті өзгерте алмай, шекесі шылқыды. Толассыз шабуылдар, бұрыштама доптар, тура соққылар соғылды. Қарсылас қақпасының кілті тек 70-минутта табылды. Ереже бұзылды, 11 метрлік нүкте сызылды. Пенальти берілді. Зайнутдинов сендірді. Магомед АДИЕВ, ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ: Бірінші тайм біз ойлағандай болған жоқ. Болмайтын жерден екі гол жіберіп алдық, алайда екінші тайм бар екенін және ойынға қайта оралу керек екенін түсіндік. Бүгін біз жігер танытып, жеңіске жеттік әрі бұған өте қуаныштымыз. Асхат ТАҒЫБЕРГЕН, ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫНЫҢ КАПИТАНЫ: Голым септігін тигізгеніне көптен көп қуаныштымын. Әрине, бірінші голды пенальтиден саламын деп едім. Бахтияр келіп, Асхат аға тебейінші дегеннен кейін бердім. Аллаһтың қалауымен пенальтимен емес, алыстан салуға бұйырған шығар осы ойында. Ал қарсыласты місе тұтпаған Дания құрамасының бұл ойыннан кейін әбден ұнжырғасы түсіп, көңілі босады. Каспер ЮЛЬМАНН, ДАНИЯ ҚҰРАМАСЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ: Командамның сағы сынды. Әрине, мұндай нәтижеге көңіліміз толмайды. Матчтың көп бөлігінде жақсы ойнадық. Алайда соңғы 15 минутта ойын тізгінін беріп қойдық. Жігіттердің ойынға деген көзқарасы дұрыс болмады. Командаға тән менталитет жетіспеді. Бұл біздің соңғы сәтсіздігіміз болуы тиіс. Қазақстан бұл жеңістен кейін Н тобында үшінші орынға көтерілді. Ал, Дания екінші орынға сырғыды. Топ басында 6 ұпаймен Словения тұр. Мерей ҚАЛИАСҚАР, ТІЛШІ: Сенсациялық жеңіс және келесі ойынды Ұлттық құрама жазда яғни маусым айында Сан-Маринода өткізетін болады.