Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдармен кездесті, деп хабарлайды Ақорда.Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев бізге экономикамыздың аса маңызды салалары үшін инновациялық жобалар мен ұтқыр шешімдер қажет екенін атап өтті. Ең алдымен, қоғамдағы барлық үдерістер мен салаларды одан әрі цифрландыруға назар аудару керек. Бұл орайда жас ғалымдардың, инженерлер мен кәсіпкерлердің әлеуетін біріктіру маңызды рөл атқарады. Білімге негізделген экономика жоғары технологиялық бизнес туралы пікірімізді түбегейлі өзгертті. Бүгінде орасан зор капитал немесе қызметкерлердің көптігі емес, бірегей идеяларды тудырып, оларды жүзеге асыра білу қабілеті басты артықшылық саналады. Ал ол жастардың, өзгерістерден қорықпайтын табанды әрі батыл адамдардың, соның ішінде ғалымдардың қолынан келеді. Әлемдегі Google, Microsoft, Apple сияқты көптеген технологиялық алпауыттардың негізін студенттер қалаған. Біздің елімізде де талантты командалар пайда болады және олар жаһандық нарықта көш бастайтын IT-компаниялар құрады деп сенемін. Өз мүмкіндігімізді мүлт жібермей, әлемдік технологиялық бәсекедегі позициямызды нықтай түсу қажет. Қаржы технологиясы мен электронды үкімет салаларын дамытуда айтарлықтай ілгеріледік. Алайда мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Қазақстан Еуразиядағы ең ірі цифрлық хабтардың біріне айналуға тиіс. Оған еліміздің әлеуеті толық жетеді. Мақсатқа жету үшін жасанды интеллектіні барлық салаға жылдам енгізу қажет. Қазір әлем экономикасындағы озық технологиялардың үлесі артып келеді. Сарапшылар оның көлемі 2030 жылға қарай 16 триллион долларға жетеді деп болжап отыр. Біз осы көштің басында болуымыз керек. Ол үшін жасанды интеллектіні дамытуға тезірек қолайлы жағдай жасағанымыз дұрыс. Бұл қадам экономиканы орнықты дамытуға тікелей әсер етеді. Сондай-ақ еліміздің технологиялық тәуелсіздігін сақтауға ықпалын тигізеді, - деді Мемлекет басшысы.