"Қазақстан Еуропа қайта құру банкінен су саласына қарыз алып, дұрыс игермей отыр". Бұл туралы мәжілісте Жоғары аудиторлық палатаның төрайымы Наталья Годунова мәлімдеді. Ол аудит кезінде 8 жоба аясында 3 млрд теңгеге сатып алынған қондырғылар мен ғимараттар мақсатқа сай қолданылмағанын айтты. Бұдан өзге, салада 56 млрд теңге тиімсіз жұмсалып, қыруар қаражат желге ұшқан. Су ресурстары комитеті мен Қазсушардың былығын жоғары аудит палатасы бүгін мәжіліске келіп жайып салды. Үш сағатқа созылған жиында тағы қандай мәселелер айтылды. Тілшіміз Бекболат Сатуов баяндайды.Жоғары аудиторлық палатаның төрайымы Наталья Годунованың баяндамасы бүгін мәжілісмендерді шалқасынан түсіре жаздады. Ол су ресурстарын басқару саласындағы сан кемшілікті бүкпесіз жариялады. Депутаттар суды үнемдейік, озық елдерден үлгі алайық деп жүргенде, салада өзге де проблема шаш етектен болып шықты. Тіпті су саласына деп шеттен алынған қарыздың өзін шенділер басқа мақсатқа қолданған. Наталья ГОДУНОВА, ЖОҒАРЫ АУДИТОРЛЫҚ ПАЛАТАНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ: Аудит кезінде анықталғандай, Еуропа қайта құру және даму банкінен алынған борыштың 8 жобасы аясында 3 млрд теңгеге сатып алынған қондырғылар мен ғимараттар мақсатына сай қолданылып отырған жоқ. Салдарынан 4 мың гектарға жуық суармалы алқап ауыл шаруашылығы айналымына түскен жоқ. Су ресурстары комитеті мен қазсушар компаниясының былығы көп. Тексеру кезінде түрлі заңбұзушылықтар анықталған. 56 млрд теңге тиімсіз жұмсалған. Наталья ГОДУНОВА, ЖОҒАРЫ АУДИТОРЛЫҚ ПАЛАТАНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ: Әкімшілік айыппұлдар салынды. Құқық қорғау органдарына 4 материал берілді. Бір іс бойынша 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі сот үкімі шығарылды. Кәсіпорынға бюджет қаражатының айтарлықтай құйылуына қарамастан барлық проблема су ресурстарын басқару жүйесіндегі жұмыстың тиімсіз ұйымдастырумен байланысты болып отыр. Жиынға жауапты ведмоства басшысы да қатысты. Депутаттар баяндамадан соң министрге сұрақты қарша боратты. Мәжілісмен Елнұр Бейсенбаев суды қайда өңдеу мәселесі нақты қашан шешіледі деді. Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: Меніңше, өнеркәсіпті суды қайта падалануға міндеттеу керек сияқты. Бұл өте маңызды сұрақтардың бірі. Қар, су, ерінді, жауын-шашын суларын пайдалану мәселелерін көтермейтін болсақ, Мемлекет басшысы айтқандай, 2040 жылға қарай елімізде 15 млрд текше метр су жетіспейтін болады. Бұл өте ауыр сан. Расында да Арал теңізіне пара пар цифр. Ведомство басшысы 1 текше шақырым суды қайта айналымға қосу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Министрдің сөзінше, Су Кодексіне жаңа норма енгізілуде. Нұржан НҰРЖІГІТОВ, ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ: 2030 жылға дейін өнеркәсіп мекемелерін, жеке кәсіпкерлерді техникалық жағдайына қарай суды қайта пайдалану мәселесін шешу. Бүгінгі күні су кодексі үкімет аппаратына енгізілді. Осы мәжілісте қаралғанда қолдауларыңызды сұраймын. Жағдай бұлай жалғаса берсе тапшылық болуы әбден мүмкін. Саладағы сан сұрақ мәжіліс отырысын үш сағатқа созды. Жиында ауыл шаруашылығына жұмысалатын судың 45 пайызы далаға кететіні айтылды. Сырттан келетін судың қысқарғанын ескерсек, бұл үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан мәжілісмендер біраз дүниені айтып, жауапты ведмоства басшысына міндеттеп жіберді.