Бүгін футболдан Ұлттар лигасы плей-офф сатысындағы Қазақстан және Грекия арасында матч өтеді. Кездесу жайында екі құраманың бас бапкерлері мен ойыншылары пікірін білдірді, - деп жазды KAZINFORM.2024 жылғы Еуропа чемпионатының жолдамасы үшін екі құрама 21 наурызда бақ сынайды. Бұл жұптың жеңімпазы 26 наурызда тағы да сырт алаңда Грузия-Люксембург жұбының жеңімпазымен шеберлік байқасады. Ойын 21 наурыздан 22-не қараған түні сағат 00:35–те Qazaqstan және Qazsport телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі. Кездесуге нидерландтық төрешілер қазылық жасайды. «Аталған ойынның маңызды екенін барлығы түсінеді. Оларға көп қысым жасаудың қажеті жоқ. Осыған байланысты Словениямен болған ойынмен салыстырғанда мінезімді аздап өзгерттім. Біз Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында өткен оқу-жаттығу жиынында көптеген өзгеріс енгізіп, жаттығу процесін реттедік. Айта кетсем, мен ойын тағдырын пенальти арқылы шешуді қаламаймын. Оны өз мансабымда бірнеше мәрте сезіндім. Жаттығу мен ойында пенальти тебу мүлдем басқа нәрсе. Бізде оны сәтте орындай алатын футболшылар бар. Қалай болғанда да, олардың психологиялық дайындығына байланысты деп ойлаймын. Қақпашылар туралы айтатын болсақ, бұл мақсатта біраз жұмыс атқарылды», — деді Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев. Ал ұлттық құраманың жартылай қорғаушысы Бахтиер Зайнутдинов қазақстандық жанкүйерлер қолдауын сезініп жүргенін айтады. Алдағы ойында жеңіске жетуге бар күшін салатынын атап өтті. «Бізге өз жанкүйерлеріміз ерекше қолдау білдіріп келеді. Оны сезініп жүрміз. Алдағы ойында бізге жанкүйерлер толық болған стадион кедергісін жасай алмайды. Кездесуді жанкүйерлер асыға күтіп жүргені белгілі. Олардан көптеген хат келеді. Біз өз күшімізге сенеміз. Қарсылас құрама тәжірибелі футболшылар бар. Грекия — өте мықты құрама. Біз олардан сескенбейміз», — дейді ол. Сондай-ақ, аталған құраманың бас бапкері Густаво Пойет алдағы ойын жайында пікір білдірді. «Қазақстан құрамасы соңғы жылдарда үлкен серпіліс жасады. Олардың мұндай жетістігі біздің құрамадан да жоғары болды. Соған қарамастан кездесу барысында біз оларға шеберлігімізді дәлелдей аламыз деген ойдамын», — деді Густаво Пойет. Ал Грекия құрамасының қақпашысы Одиссеас Влаходимос алдағы ойында қарсыластан абай болу қажеттігіне тоқталды. «Кездесу барысында біз қандай құрама екенімізді дәлелдеуге тырысамыз. Бас бапкер футболшыларға қалай ойнау қажеттігі жөнінде ақыл-кеңесін берді. Сол бойынша өз ойымызды жүзеге асырамыз», — деді Одиссеас Влаходимос.