Елімізде жыл сайын жол апатынан орта есеппен 2 мың адам қаза табады. Бұл алаңдатарлық жағдай деп дабыл қаққан Қазақстан Халық партиясының өкілдері автошеру өткізді.Саяси ұйымның символикасы мен туы ілінген көліктер легі бас шаһардың негізгі көшелерімен жүріп өтті. Сол жағалаудан басталған шара орталық саябаққа дейінгі аумақты қамтыды. Ал партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаев бастаған келесі топ өндірістік өлке Қарағанды облысына барып, еңбек ұжымдарымен кездесу өткізді. Олар - металлургтер, құрылысшылар, шағын және орта бизнес өкілдері. Ұйым атынан мәжіліс депутаттығына 66, ал мәслихаттарға 500-дей үміткер қатысып жатыр. Кандидаттар жиында партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырып, негізгі бастамалары мен мақсат-міндеттері туралы баяндады. Ермұхамет ЕРТІСБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Кәсіподақ жетекшілерімен, металлургтармен, осы саладағы қарапайым жұмысшылармен кездестік. Оларға өзіміздің идеямызды, тұғырнамада қамтылған басым бағыттарды таныстырдық. Бас қосу барысында қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, саланы дамыту жолдары туралы пікір алмастық.