Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құраманың Түрікменстан командасымен жолдастық кездесу өткізбек, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.Ұлттық құрама 8 наурызда УЕФА Ұлттар лигасы плей-офф кезеңінің жартылай финалында Грекиямен ойын алдында Дубайда оқу-жаттығу жиындарын бастайды. Ал 14 наурызда Түрікменстан құрамасына қарсы жолдастық ойын жоспарланып отыр. Еліміздің бас командасының Грекияға қарсы Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңінің плей-офф матчы 21 наурызда Афина қаласында болады. Бұған дейін Қазақстан мен Түрікменстан құрамалары өзара үш рет ойнаған. Командалар алғаш рет 1992 жылы 1 маусымда Алматыда Орталық Азия кубогы жолындағы турнирдің финалдық кезеңінде кездескен. Бұл ойында Қазақстан Түрікменстан командасын 1:0 есебімен жеңген болатын. Екінші матч Ашхабад қаласында болған. Сол жылы 14 қыркүйекте Орталық Азия кубогының финалдық кезеңінде қарсыластар 1:1 есебімен тең тарқасқан. Ал үшінші рет құрамалар 1994 жылы 15 сәуірде Ташкент қаласында бас қосқан. Командалар Өзбекстан Тәуелсіздігінің кубогы жолындағы жарыстың финалдық кезеңінде ойнап, бір-біріне гол сала алмай кеткен. Матч 0:0 болып аяқталған.