Қазақстан құрамасының ойыншылары Асхат Тағыберген мен Аслан Дарабаев Данияға қарсы матч кезінде оразаны қалай ұстағанын айтып берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Қазақстан футбол федерациясының Youtube желісіндегі парақшасына сілтеме жасап. Бұл туралы жартылай қорғаушылар "ДНК футбола" бағдарламасында айтты. Асхат Тағыбергеннің сөзінше, құрамадағы жігіттердің басым бөлігі ораза ұстаған. Алайда Даниямен болатын ойын алдында Асхат Тағыберген, Бақтиер Зайнутдинов, Абзал Бейсебеков аузын ашып жіберген. Өйткені олар матчты негізгі құрамнан бастады. Ал Аслан Дарабаев ойын кезінде аузы берік болғанын жеткізді. "Даниямен ойынның 44-минутында жігіттермен отырып, аузымызды аштық. Жеті адам болдық", - деді жартылай қорғаушы. Айта кетейік, Магомед Адиев жаттықтыратын Қазақстан құрамасы наурызда Еуро-2024 іріктеу кезеңі аясында екі ойын өткізді. Алдымен отандық футболшылар Словенияға (1:2) есе жіберсе, екінші турда Даниядан (3:2) басым түсіп, сенсация жасады.