Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан мен Кипр арасындағы ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы» Заңы қабылданды.Бұл шартқа 2022 жылғы 20 қазанда Никосияда қол қойылды. Құжат Қазақстан мен Кипрдің құзыретті органдары арасындағы адамдарды ұстап беру мәселелері жөніндегі қатынастарды реттеуге бағытталған. «Қазіргі кезде Қазақстан қылмыстық әрі құқықтық салада 34 мемлекетпен 73 екіжақты келісім бекітті. Оның ішінде Еуропадағы 16 елмен 35 шарт жасалды. Халықаралық шарттарға қол қойғанда, біз туристік, сауда-экономикалық қатынастар дамыған елдерге басымдық береміз. Кипрмен дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы орнатылды. Өзара ынтымақтастығымыз дамып келеді», – деді Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев. Оның айтуынша, қылмыстық істер бойынша ұстап беру бағытында Қазақстан басқа елдермен осындай 21 келісім жасады. «Ұстап беру туралы шарт қылмыстық қудалау мен сот үкімінің орындалуынан жасырынып жүрген адамдарды қайтару мәселесін реттеп, ұстап берудің тәртібін бекітеді. Бұл шарттың ережелеріне тоқталсақ, алдымен берілген адамның әрекеті екі елде де қылмыстық санатқа жатқызылуы тиіс. Екіншіден, қылмысы үшін кем дегенде бір жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылуы керек. Ал сот үкімінің орындалуынан жасырынып жүрген адам кем дегенде 6 айға бас бостандығынан айыруға сотталған болса ғана беріледі. Бұдан басқа, шарт уақытша қамауға алу мерзімін, беру тәртібін және өзге де рәсімдік мәселелерді айқындайды», – деді Бас прокурордың орынбасары. Оның сөзіне қарағанда, Заңды қабылдау теріс әлеуметтік, экономикалық және құқықтық салдарға әкелмейді.