Қазақстан мен Албания арасында тікелей әуе қатынастарын орнату қажет. Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Албания Президенті Байрам Бегаймен Ақордада өткен кездесуде ұсынды. Осы арқылы екі ел арасындағы қарым-қатынас нығаймақ. Екі ел басшысы тағы қандай мәселелер бойынша уағдаластық жасады. Тілшіміз Бекболат Сатуов тарқатады.Бекболат САТУОВ, АРНАЙЫ ТІЛШІ: Ресми сапармен келген Албания Президенті Байрам Бегайды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорда резеденциясында сән-салтанатпен қарсы алды. Екі елдің ән ұраны орындалып, сап түзеген қарауыл жасағы бойлап жүріп өтті. Албания мен Қазақстан басшылары елдер арасында Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық пен туризм саласын дамытуға ниетті. Қазақстан мен Албания президенттері алдымен шағын құрамда келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев шақыруын қабыл алып, Қазақстан астанасына келгені үшін Албания басшысына алғыс айтты. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Бұл – тарихта Албания Президентінің Қазақстанға жасаған алғашқы сапары. Сіздің ресми сапарыңыз өзара ынтымақтастықты дамыту тұрғысынан өте маңызды. Қазақстан Сіздің еліңізбен тығыз қарым-қатынас жасауға ниетті. Біз екі тараптың мүддесіне сай келетін көптеген салада өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік мол деп санаймыз. Айта кетейік, екі аптадан соң екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады. Өз кезегінде Албания басшысы Астанаға шақырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді. Байрам БЕГАЙ, АЛБАНИЯ ПРЕЗИДЕНТІ: Қазақстанға сапармен келгенім үшін өте қуаныштымын. Арнайы шақырғаныңыз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. Өзіңіз айтқандай, бұл сапар дипломатиялық байланыстарымыздың 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл біздің саяси қарым-қатынасымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Содан соң екі ел басшылары кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Онда тараптар сауда-экономикалық, көліктік-логистикалық, инвестициялық және гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға баса мән бере отырып, Қазақстан мен Албания арасындағы серіктестіктің негізгі мәселелерін талқылады. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Біздің елдерімізде көптеген ұлт пен дін өкілдері мекен етеді. Сонымен қатар екі ел халқының да басым көпшілігі – мұсылмандар. БҰҰ, ЕҚЫҰ және ИЫҰ секілді ірі халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастығымыз бен байланыстарымызды нығайту қажет. Президент Астана мен Тирана арасында тікелей әуе қатынастарын орнатуды ұсынды. Сондай-ақ, жиында тараптар қарым-қатынасты кеңейту, ынтымақтастық пен гуманитарлық байланыстарды нығайту жөнінде уағдаласты. Албания басшысы Байрам Бегай экономикалық ынтымақтастықты арттыруға ниетті екенін айтты. Байрам БЕГАЙ, АЛБАНИЯ ПРЕЗИДЕНТІ: Экономикалық ынтымақтастықты нығайту үшін әлеуетіміз мол. Біз осы мүмкіндікті пайдалана аламыз. Тау-кен, энергетика, ауыл шаруашылығы, туризм және инфрақұрылымдық даму салаларындағы өзара ынтымақтастығымызды нығайтқымыз келеді Байрам Бегай өз кезегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми сапармен Албанияға шақырды. Жиын соңында екі ел басшылары Бірлескен мәлімдемеге қол қойды.