Италия – Қазақстан экономикасына қаржы салған басты инвестордың бірі. Қазір біздің нарықта 300-ге жуық италиялық компания жұмыс істейді. Бұл – ел экономикасының қарыштауына әсерін тигізіп отыр. Енді екі ел бұл байланысты одан әрі нығайтуға ниетті. Ол туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Италияға барған алғашқы ресми сапары кезінде айтылды. Кездесу барысында екі ел үкіметі маңызды жеті құжатқа қол қойды. Президент Италияның ірі кәсіпкерлерімен кездесіп, елімізге қаржы құюға шақырды. Олар Мемлекет басшысының ұсынысын қабыл алды ма? Аружан Задабек айтады. Италия - Қазақстанның Еуропадағы негізгі сауда серіктестерінің бірі. Сауда-саттық көлемі 15 миллиард долларға жуықтады. Енді оны 20 миллиард долларға жеткізу көзделіп отыр. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Біз екіжақты қатынастардағы жетістіктерді жоғары бағалаймыз. Біз олардың жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасауды одан әрі жалғастыра береміз. Дегенмен экономика бағытына ғана емес, мәдениет, туризм сияқты басқа да көптеген саладағы ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беру қажет. Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтастық өте табысты болатынына сенімдімін. Осыдан соң Президент Италияның Министрлер Кеңесінің Төрағасы Джорджа Мелонимен келіссөз жүргізу үшін Киджи сарайына барды. Қазір Италиядан Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 7 миллиард доллардан асады. Сондықтан Мемлекет басшысы Алматыда Италия мәдениеті институтының ашылуын құптайтынын, - айтты. Сол арқылы мәдени дипломатия, білім беру саласындағы серіктестікті тереңдетуде болады, - дейді. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Бүгінгі келіссөздер екіжақты қарым-қатынасымыздың жаңа кезеңіне жол ашатынына және ынтымақтастықтың перспективті бағыттарын қарастыруға жақсы мүмкіндік беретініне сенімдімін. Мемлекет басшысы «Қазақстан-Италия» инвестициялық дөңгелек үстелінде сөз сөйледі. Оған 30-ға жуық компания қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев Италияның бизнес «капитандарына» Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері туралы жан-жақты мәлімет берді. Мәселен, энергетика саласы – екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың негізгі бағыты. Елдегі мұнайдың 80 проценті Еуропаға экспортталады. Бұл Еуропа Одағына қажет тауардың шамамен 10 пайызын қамтиды. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Қазақстанда таяу арада экономикамыздың ашық, сенімді және қарқынды дамуына ықпал ететін аса маңызды әрі түбегейлі реформалар басталады. Мұны сіздерге сенімді түрде айта аламын. Мақсатымыз – Қазақстандағы стандарттарды, ережелерді және бизнес жүргізу тәжірибесін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының деңгейіне жеткізу. Біз ең жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін инвестициялық ахуал қалыптастыруға ұмтылып жатырмыз. Президент компания мүшелеріне энергетика, баламалы қуат көзі, ауыл шаруашылығы мен көлік логистика салаларына ерекше мән беруге шақырды. Соңғы 15 жылда Қазақстан көлік инфрақұрылымына 35 миллиард доллардан аса қаржы құйды. Алдағы үш жылда 1300 шақырымнан астам теміржол желісін салуды жоспарлап отыр. Бұл Қытай, Оңтүстік Азия және Еуропа бағыттарындағы тауар тасымалын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Алижан ОМАРОВ, САЯСАТТАНУШЫ:Италияның ең басты экспорттайтын тауары – жоғары технологиялық тауарлар. Ол - крандар, құбырлар және оған қажетті заттар. Бұл ретте бізге өте маңызды нәрсе, бізде мұнай саласы экономиканың ең басты факторы, саласы ретінде біз үшін Италияның тәжірибесі қажет. Елдегі жердің 70 пайыздан астамы ауыл шаруашылығына жарамды. Еліміз Орталық Азияда астықты өлке саналады. Біз бидай мен ұн өндіру бойынша әлемдегі он елдің қатарына кіреміз. Ал өнімдеріміз әлемнің 80-нен астам еліне жеткізіледі. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:Әлемде азық-түлік тапшылығы артып келе жатқанын ескере отырып, біз осы сектордың өнімділігін үш есе және экспортты екі есе арттыруды көздеп отырмыз. Қазақстан италиялық серіктестерімен бірге дәнді және майлы дақылдарды өсіру, сондай-ақ макорон, ет және сүт өнімдерін өндіру бағыттарындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі. Соңғы 20 жылдан бері еліміздің ірі автокөлік жолдарын салуда италиялық «Тодини» компаниясы жұмыс істейді. Қазақстанға 2000 жылы келген. Содан бері Атырауда бірнеше жобаны жүзеге асырды. Франческо СУЛИЯ, «TODINI» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:Біз бірінші рет «Қарағанды-Балқаш» жобасын жеңіп алдық. 2 жыл жол салдық. Содан кейін Атырауда да бірнеше жобаны жүзеге асырдық. «Атырау – Орал», «Атырау-Қарабатан», «Қарабатан - Доссор» жолдарын салдық. Кейін Алматы, Қызылордада жалғастырдық. Қазір «Атырау-Астрахань» жолында 2 лотымыз бар. Дөңгелек үстелден кейін тараптар бірнеше құжатқа қол қойды. Оның ішінде Түркістан облысында күкірт қышқылы зауытын салу, Алматыда Жылу электр орталығын реконструкциялау секілді төрт келісім бар. Нұрлан ЖАҚЫПОВ, «САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:Бұл келісімге сәйкес біз ынтымақтастықты күшейтеміз және жаңа бірлескен инвестициялық қор құруды қарастырамыз. Осыдан кейін Мемлекет басшысы Eni компаниясының бас операциялық директоры Гвидо Брусконы қабылдады. Былтыр Каспий құбыр желісі консорциумы арқылы 63 миллион тонна мұнай тасымалданды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Мағзұм МЫРЗАҒАЛИЕВ, «ҚАЗМҰНАЙГАЗ» ҰК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:Біз былтырдан бері Eni компаниясымен Жаңаөзен қаласында бірлесіп гибрит электростанциясын дамыту борйынша келіссөздер жүргізіп, енді бүгін сол жұмыс бойынша нақты инвестициялық шешім қабылдау туралы тиісті құжатқа қол қойдық. Maire Tecnimont компаниясының Бас атқарушы директоры Алессандро Бернини, Bonifiche Ferraresi компаниясының Бас атқарушы директоры Федерико Веккьони мен NEOS әуе компаниясының президенті Лупо Раттацци де Президентпен кездесті. Мемлекет басшысы Алматы – Милан әуе рейсіне сұраныстың жоғары екенін айтты. Бұл бағыт ашылғалы 70 мыңға жуық жолаушы тасымалданған. Талғат ЛАСТАЕВ, ҚР КӨЛІК ВИЦЕ-МИНИСТРІ: Жылдың аяғынап дейін Астана – Рим, Астанма – Милан және бесінші еркіндікпен Италиядан Ақтау арқылы Индияға бағыттар ашылатын болды. Ол үлкен нәтиже деп санаймын. Екі мемлекеттің арасында бизнес, экономика, туризм қатынастарға өте пайдалы. Қасым-Жомарт Тоқаев Рим Папасы Францискпен кездесу үшін Ватиканға барды. Қазақстан Президенті Рим Папасы Францисктің «Қалаға және әлемге» атты дәстүрлі Жолдауын еске сала отырып, оның «Бейбітшілік – ең алдымен Құдайдың сыйы. Бірақ бұл – бәрімізге жүктелген үлкен жауапкершілік» деген сөздерін толық қолдайтынын жеткізді.Өз кезегінде Рим Папасы бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету ісіндегі күш-жігері үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты. Кездесу соңында Мемлекет басшысы еліміз алдағы уақытта толеранттылық, үйлесімділік, бауырластық идеяларын дәріптеу ісінде Қасиетті Тақпен ынтымақтастық жасауға ниетті екенін растады.