Ертең Қазақстан мен Қытай шекарасындағы өткізу бекеттері жабылады. Ал елімізде келесі айдан бастап зейнетақы жинағын пайдалануға болады. Осы және өзге де ақпараттар «Экономика» топтамасында.ЕКІНШІ ДЕҢГЕЙЛІ БАНК КӨБЕЙЕДІ Елімізде екінші деңгейлі банктер қатары артуы мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк құру үшін талаптарды жеңілдетуді көздеп отыр. Мәселен, қазір жаңа банк құрылса, оған жұрттың депозитке салған ақшасын пайдалануға бір жыл тыйым салынады. Енді бұл ереже алынып тасталмақ. Заңға тиісті түзетулер әзірленді. Құжат ашық талқылауға шығарылған. Егер ол қабылданып жатса, үш микроқаржы ұйымы екінші деңгейлі банкке айнала алады. Олардың айналымында қаржы жеткілікті. ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖИНАҒЫН ПАЙДАЛАНУҒА БОЛАДЫ Келесі айдан бастап зейнеткерлер Зейнетақы қорындағы жинағын емделуге немесе үй алуға пайдалана алады. Бірақ барлығы емес. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, 75 мың қарияның ғана жинақтағы ақшасын алуға мүмкіндігі бар. Олардың шоттарындағы қаржы-120 миллиард теңге. Тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнеткер интернет-платформа арқылы Отбасы банкіне немесе екінші деңгейдегі банктерге, ал емделу мақсатында тек Отбасы банкіне жүгінуі тиіс. ҚАЗАҚ-ҚЫТАЙ ШЕКАРАСЫ БІР КҮНГЕ ЖАБЫЛАДЫ 22 маусымда Қазақстан мен Қытай шекарасындағы өткізу бекеттері жабық болады. Атап айтқанда, автомобиль өткізу пункттері адамдарды, көлік құралдарын, жүктерді және тауарларды өткізу қызметін жүзеге асырмайды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі хабарлады. Оған себеп, елдер арасындағы келісім бойынша Қытай Халық республикасындағы «Айдаһар қайықтары мейрамына» байланысты байланыс бір күнге тоқтайды. ҚР ҰҚК ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІ: Теміржолдық өткізу бекеттері штаттық режимде жұмыс істейді. Бағыттарыңызды алдын ала жоспарлау үшін ақпарат таратудамыз.