Қазақстан мен Тәжікстан президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді, - деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапар екі ел арасындағы шынайы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайту тұрғысынан зор маңызға ие екенін айтты. "Сізбен елордамызда жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Сіздің сапарыңыз біздің бауырлас елдеріміз арасындағы шынайы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайту тұрғысынан зор маңызға ие. Елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік, одақтастық қарым-қатынас туралы айтуға толық негіз бар. Астанадағы тәжік мәдениеті күндерінің ашылуына Сіздің арнайы келуіңіздің өзі көп нәрсені аңғартады. Сіздің сапарыңызды жоғары бағалаймын", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ал Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон шақыртуға алғыс айтты. "Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, шақыртуыңызға, ілтипатыңызға, қонақжайлық көрсеткеніңізге көп рақмет! Ең алдымен, бүгін Сізбен екі ел арасындағы қарым-қатынастың ахуалы мен перспективаларын, сондай-ақ халықаралық және аймақтық мәселелерді талқылағым келеді", - деді ол.