Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып, елдегі мұнай қоры туралы мәлімет айтты.«Алдын ала болжамдар бойынша мұнай 100 жылға анық жетеді. Бірақ бізде перспективалы блоктар бар. Үкімет Мемлекет басшысының қолдауымен жаңа модельдегі келісімшарт дайындады. Ол бойынша жаңа мұнай кеніштеріне барлау жасағандарға салмақты жеңілдіктер ұсынылады. Көптеген компаниялар ол жеңілдікті пайдаланды да. Жеке айтсақ, «Лукойл» сондай келісімшартқа қол қойды», - деді Алмасадам Сәтқалиев. Оның мәліметінше, Әзербайжан тарапы да Қазақстан аумағында мұнай қорын барлауға атсалысуға ниетті. «Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің сапары кезінде Баку делегациясы Қазақстанға инвестиция салуға ниет білдірді. Олар көмірсутек көздерін барлау, игеру туралы жаңа мәселелерді көтерді. Қазір энергияға деген сұраныстың артып келе жатқанын ескерсек, ресурс базасын толықтыруға қаражат жұмсауды жалғастыруымыз керек», - деді министр.