Израильдегі жағдайға қатысты ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров пікір білдірді.Қазақстан көптеген бейбіт тұрғындардың қаза болуына әкеп соққан Палестина-Израиль қақтығысының өршуіне терең алаңдаушылық білдіреді. Тараптарды ахуалды бейбіт жолмен шешу үшін саяси құралдар іздестіруге және тек екі мемлекет арасындағы ғана емес, жалпы Таяу Шығыстағы жағдайдың одан әрі ушығуына әкелуі ықтимал іс-әрекеттерге бармауға шақырамыз. «Қазақстанның Тель-Авивтегі Елшілігі Израильдегі біздің азаматтарымызбен тұрақты байланыста. Елшіліктің жедел байланыс арнасы ашылып, Қазақстан азаматтарына елге оралу үшін одан әрі көмек көрсету мақсатында олардың тізімі жасалуда»,-делінген хабарламада. Кеше Хамас содырлары Израильге зымыранмен шабуыл жасап, 20-дан астам адам мерт болды. Еуропалық Одақ Хамастың Израильге шабуылын айыптады. Бұл шабуылды АҚШ президенті Джо Байден де айыптап, Израиль үкіметі мен халқына барлық қажетті көмек көрсетілетінін айтты. Қазақстанның Тель-Авивтегі Елшілігі Израильде жүрген отандастарға үндеу жасады.