Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстан Палестинаға қосымша гуманитарлық көмек көрсетеді.Аталған мәселе Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен Үкіметтік комиссия отырысында талқыланды. Гуманитарлық көмекке жалпы салмағы 38 тоннадан асатын азық-түлік, төсек-орын жабдықтары, дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдар кіреді. Жүктер жақын арада әуе көлігімен жөнелтіледі. Қазақстанның қолдауы Газа секторында орын алған гуманитарлық апатты жағдайға байланысты Палестинаға көмек көрсетуге бағытталған. Бұған дейін Қазақстан Палестина халқына $1 млн көлемінде гуманитарлық көмек көрсеткен болатын.