Батыс Қазақстан облысының Ресеймен арадағы шекарасы ұзын-сонар кезектен арылған емес. Мұнда көлік кептелісінің жиілегені сонша, жүк көліктері тәуліктеп кезек күтеді. Бұл жолаушыларға қолайсыздық туғызып отыр. Енді осы жағдай өзгеріп, өткізу бекетінің қабілеті оңалуы мүмкін. Шекарашылардың айтуынша, тексеру бекеттерінің саны көбейіп, көлік өтетін жолақтардың саны артады. Бұл екі елдің арасындағы байланысты жақсарта түспек. Бүгінде осы шекара бекеті арқылы күн сайын 10 мың адам мен 8 мыңға тарта көлік өтеді. Талғат ШАЙМАРДАНОВ, БҚО ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Реконструкция жасалған соң, бекеттің өткізу қабілеті тәулігіне 25 мың адамға дейін жетеді. Бұл қазіргі көрсеткіштен екі есеге көп. Күн сайын біз арқылы 8 мың көлік өтеді. Оның - 1,5 мыңы жүк мәшинесі. Шекараның өткізу қабілеті жетілдірілгесін, 15 мың көлік қатынай алады. Аймаққа іссапармен келген Парламент Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов шекарашылардың жұмысымен танысып, өткізу бекетіндегі жағдайға зер салды. Өйткені қаржыландырудың жоқтығына байланысты бірқатар мәселелер әлі шешімін таппаған. Депутат осы күрмеуі қиын істі шешуге ат салысатынын айтып сендірді. Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "АМАNАТ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: Шекарадағы жұмыстарға, кеденнің жұмыстарына байланысты туындайтын жұмыстардың барлығын, сұрақтардың барлығын жинақтап, танысып-білу үшін келдім. Әлі де шешілмей жатқан сұрақтар болса, қолымыздан келгенше көмек жасап, мына Үкіметке, жоғарыға, мемлекетіміздің басшысына жеткізу үшін іссапарда жүрміз. Сондықтан бүгін-ертең осы сұрақтардың барлығын жинақтап берсеңіздер, мен соны шешу үшін сіздерге көмектесуге тырысамын.