Жүн мен теріні үлгерте алмай жатсақ та, кейбір кәсіпкерлер кофені өңдеп өзге елге сатуда. Экваторлық аймақта өсетін дақыл бізге негізінен Бразилия, Италиядан келеді. Отандастарымыз оны өңдеп, көршілес Қырғызстан, Өзбекстан секілді елдерге экспорттайды. Кәсіптің бұл түріне сұраныс жоғары дейді мамандар. Осы және өзге ақпараттар "Экономика" топтамасында.Қазір жұрт бұрынғыдай базар аралап, керекті тауарын қолмен ұстап, көзбен көріп алмайды. Тіпті азық-түліктің өзін интернет платформаларынан тапсырыс беретін болған. Былтыр Электронды сауда көлемі 2,4 трлн теңгеден асыпты. Маркетплейстерде телефон мен гаджеттер көп сатылған. Жалпы сауданың 27 пайызы. Тұрмыстық техника 11, компьютерлік тауарлар 10, көлікке қажетті заттар 7 процент. Маркетплейс арқылы көрсетілген қызметтер көшін көлік орындарын брондау қызметі бастап тұр. 38 процент. Сондай-ақ тұтынушылардың 37 пайызы ұшақ пен пойызға билет сатып алған. Онлайн саудадағы бөлшек тауарлар үшін орташа чек 14 мың теңге, ал көрсетілген қызметтер құны 2500 теңге болды.Несібесін несиеге байлайтындар көбейіп барады. Халықтың банкке берешегі 35 трлн теңгеден асқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 21 пайыз көп. Кредиттің жартысына жуығы бизнес субьектілеріне тиесілі. Қалғаны-тұтынушылық және ипотекалық несие. Көпшілік қарызды төл теңгемізбен алады. Бірақ соңғы уақытта шетел валютасымен кредит рәсімдейтіндер артқан. Олардың берешегі 3 трлн теңгеге жуықтайды. Елімізде кофеге сұраныс жоғары. Қай бұрышқа бұрылсаңыз да алдыңыздан «менмұндалап» кофехана шығады. Жұрттың осы қоңыр сусынға бой үйреткені сонша жаяулап та, көлікте келе жатып та ішеді. Кәсіптің бұл түрі жыл сайын 20 пайызға өсіп жатыр. Қазір Елорданың өзінде 700-дей кофехана бар. Ай сайын бұл көрсеткіш көбеймесе, азаймайтын сыңайлы. Сондықтан болар елімізде кофе импорты да өсіпті. Былтыр өзге елдерден 3100 тонна кофе сатып алыппыз. Көш басын 1100 тоннамен Ресей бастап тұр. Бразилиядан 823 тонна, Италиядан 426, Нидерландыдан 122, Германиядан 88, Колумбиядан 60, Эфиопиядан 58 тонна дақыл импортталған. Ал соңғы жылдары Қазақстан тек кофе тұтынушы ғана емес, аз көлемде болса да Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Моңғолия секілді елдерге экспорттаушы елге де айналған. Былтыр жалпы құны 829 мың долларға 70 тонна кофе сатыппыз. Валюта бағамына тоқталайық. Қор нарығында доллар бүгін 444,17 теңге, Еуро - 481,57 теңге, Ресей рублі - 4,96 теңге.