"Балалар қоры" қоғамдық ұйымы әлеуметтік зерттеу жүргізген. Зерттеу көрсеткендей, Алматы мен Астана жастарының 80%-ы вейп қолданады. Бұл -өте қауіпті үрдіс, деген депутаттар оны сатуға тыйым салатын Заңды мақұлдап, Сенатқа жолдады. Мұны халық қалай қабылдады, вейп сататындар айылын жия бастады ма? Тілшіміз айтады. Тықыр таянған соң вейп сататын дүкен иелері қолда бар тауарын барынша тез сатып тастауға тырысуда. Желіде жарнама көбейді. Қазір сатылымда вейптің түр-түрі бар. Қалаған дәммен, қалтаға қонымды бағада таңдауға болады. Дәрігерлер түрлі-түсті құтыдан шығатын тәтті түтінге оқушылар мен жастар алданып отыр деп дабыл қағады. Бірақ, оған қарамастан, онлайн да, арнайы дүкеннен де алатындар әлі көп. САТУШЫ: -Саламатсыз ба? Электронды темекі бар ма? -Иә, бар. -Қандай түрлері бар? -Менде қазір 1800 затиягтігі бар. 4000 тг. Түр-түрі көп қой. Бірақ мендегі бар сол біреуі ғана. Бейресми ақпаратқа сүйенсек, соңғы жылдары вейптердің таралуы 200 есе өскен. Оны еш қиындықсыз сатып алып, пайдалануға болады. Денсаулыққа зиян екенін білсе де, оған көп адам әуес. БЛИЦ-САУАЛНАМА: - Негізі электронды темекілердің пайда болу себебі, ол некатинге тәуелділіктен арылу үшін жасалған болатын. Оларды жеңіл түрде дүкендерден сатып алуға болатындықтан жастар соған құмар болып кетті. - Қазіргі таңда электронды темекілерге тыйым салынғандығы өте дұрыс болды деп ойлаймын. Себебі ол денсаулыққа өте зиянды. - Заң енгізгені өте дұрыс деп ойлаймын. Өйткені көп жастар қазір больницаға түсіп қалып жатыр. Ал сарапшылар, электронды вейп сатуға шектеу қойылғанымен, оны пайдалануды тыю қиын екенін айтады. Себебі, көрші мемлекеттерде ол еркін саудаланады. Елімізге контрафактілі тауарлар келуі мүмкін. Бұл жағдайды тіпті қиындатады. Бақыт ТҮМЕНОВА, «ДЕНСАУЛЫҚ» ҰЛТТЫҚ АССОЦИАЦИЯСЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ: Жаман әдеттерге әуес адамдарға оңайлықпен тыйым сала алмайсың. Сондықтан, бұл мәселеге жан-жақты, жүйелі түрде қарау керек. Техникалық реттеу мен профилактикалық, сапалы ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуі қажет. Қазақстан вейп контрабандасы бойынша әлемде онсыз да 5- орында тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қазақстандық кеңсе басшысы кальян шегетіндерге де қатаң түрде шектеу қоюды ұсынып отыр.