Президенттің тапсырмасы бойынша Су ресурстары және ирригация министрлігі 2030 жылға дейін су шаруашылығы құрылыстарын қалпына келтірудің кешенді жоспарын әзірледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.Жоспарда 57 жаңа су қоймасын салу, 133 гидротехникалық құрылысты, 7 мың шақырымнан астам ирригациялық жүйені және 1200 шақырым топтық су құбырын қайта жаңартуды, сондай-ақ 3628 тік дренажды ұңғыма бұрғылау қарастырылған. Бүгінгі таңда 114 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Суару жүйелерінің тозуы салдарынан тасымалдау кезінде судың шығыны мәселесін шешу үшін 14 мың шақырымнан астам каналды реконструкциялау жоспарлануда. Жобаны 3 кезеңде іске асыру ұсынылып отыр. 1-ші кезеңде - 2024-2025 жылдары ұзындығы 3500 шақырым 337 арнаны қайта жаңарту жоспарлануда.