Қазақстанда балаға азғындық жасағандар өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларды өмірге қайта бейімдеу үшін ең кемі 9 ай уақыт керек. Әлімжеттік көрсету, үлкендердің ұрып соғуы, отбасылық жанжал мен балалардың зорлануы қазір тиылар емес. Бала құқығы жөніндегі уәкіл Динара Закиева арнайы жоба әзірлеген. Ол "Кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық" атты жаңа бап енгізуді, оған қоса 4 Кодекс пен 10 заңға 55 өзгеріс енгізу қажеттігін ұсынды. Амбудсмен әзірлеген жобаларды Үкімет бекіткен. Енді парламентке жіберіледі. Динара ЗАКИЕВА, ҚР БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛ: Егер көшеде біреу баланы ұрып, қорлап жатса, ол тек "қоғамдық орындағы тәртіпсіздік" деп жылы жабыла салады. Себебі біздің заңда бұл қылмыс ретінде қарастырылмаған. Сондықтан біз заңға өзгеріс енгізгіміз келеді. Сонымен қатар тек зорлағанда емес, жалпы сексуалды әлімжеттік жасағаны үшін де жаза болу керек.