Қазақстандық колледждерде диплом QR-код арқылы беріле бастады, - деп хабарлайды Massaget.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Министрлік мәліметінше, осы жылдан бастап техникалық және кәсіптік, сондай-ақ орта білімнен кейінгі білім туралы дипломдар бланкіде QR-кодпен беріле бастады.QR-код технологиясын қолдану жалған диплом жасаудан қорғауға және жұмыс берушілердің диплом түпнұсқалығын бірден тексеріп алуына мүмкіндік беретін жаңашылдық."QR-код дипломның түпнұсқалығын тексеруге мүмкіндік береді. Ол құжаттың иесі жайлы деректер, оқу орны туралы ақпарат пен Ұлттық білім беру деректер қорынан алынған құжат деректемелері көрсетілетін мемлекеттік интернет-ресурсқа сілтеме береді. QR-кодта түлекті сәйкестендіруге мүмкіндік беретін мәліметтер: түлектің аты-жөні, ұйымның атауы, түскен/бітірген жылы, мамандығы мен біліктілігінің атауы, оқыту нысаны, дипломның сериясы мен нөмірі беріледі", - деді оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов.Министрлік мәліметінше, биыл 140 мыңнан астам колледж түлегі QR-коды бар дипломдар алады.