Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан Қазақстанда жылына 80 әйел көз жұмады. Бұл бес жыл бұрынғы қылмыстық құқықбұзушылықтан 7 процентке ғана аз. Бас прокуратура өкілдері көрсеткіш бұдан да көп екенін мойындайды.Сарапшылар әрбір үшінші қазақстандық әйел тұрмыстық зорлыққа тап болады дейді. Күніне полициядан көмек сұраған 300 қоңырау соғылады. Биылғы 10 айда осындай заңбұзушылық үшін 50 мың адам әкімшілік, 700 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. 1 шілдеден бастап полиция жәбірленушінің арызынсыз-ақ қылмыскерлерді жауапқа тарта бастады. Әрі қайта татуласу мүмкіндігі жойылды. Игорь ЛЕПЕХА, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Полиция келгенде жәбірленушілердің 60 проценті арыз жазудан бас тартып үлгеретін. Жаңа түзетуден соң, заңбұзушылардың 92 проценті тиісті жазасын алып отыр. Қалғаны анықталмаған жағдайға жатады. Нәтижесінде, жыл басында 7 мың болған агрессорлар саны үшінші тоқсанда 27 мыңнан асып жығылды. Қамалғандар да 2 есе көбейді. Қорғау нұсқамасының тиімсіздігі де айтылды. Жәбірленушіге жақындамау туралы бұйрық берілгенмен, агрессордың үйге кіруін шектейтін нақты заң жоқ. Ал Германия тәжірибесінде зорлықшы 10 күн үйден кетуге тиіс. Әрі 50 метрге жақындай қалса, электронды білезіктер арқылы полицияға белгі келеді екен. Мамандар бұндай тәсілдерді бізге де енгізуді ұсынды. Марат ӘБІШЕВ, ҚР БАС ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ МҮДДЕЛЕРДІ ҚОРҒАУ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСТЫҒЫ: Мәжіліс депутаттары қазір жаңа түзетулерді дайындап жатыр. Сонымен қатар, Бас прокуратура жақындарын үнемі ұрып-соғатындарға жауапкершілікті қатайтуды көздеп отыр. Былтыр Қостанайда күйеуінің қолынан қаза тапқан әйел оған дейін 49 рет арызданғаны анықталды. Біздің елде әйелдердің соңынан түсіп, «аңду» әрекеттеріне әкімшілік жауапкершілік те қарастырылмаған. Енді тирандарды мәжбүрлі түрде психологиялық түзетуден өткізуі мүмкін. АҚШ пен Израильде ашуды басқарып үйренетін курс оқытады. Бас тартса, барар жері – түрме.