Полицияның кинологиялық қызметі – бұл қылмыстардың алдын алу және ашу, қылмыскерлерді іздеу, ұстау және қоғамдық тәртіпті сақтау үшін қызметтік-іздестіру иттерді дайындайтын арнайы бөлім.Бүгінгі таңда 600-ден астам түрлі тұқымды ит полиция қызметінде. Олар негізінен есірткі мен жарылғыш заттарды, адамдарды іздеу, тінту, ізге түсу және шабуылдауға бейім бельгиялық және неміс овчаркалары, лабрадор-ретриверлер мен басқа тұқымды иттер, – деп хабарлайды Polisia.kz. Кинологтар мен олардың қамқорлығындағы иттерді базалық даярлау Алматы қаласында ІІМ Кинологиялық қызмет орталығында жүзеге асырылады. Мұнда жыл сайын 150-ге жуық полиция қызметкері оқыту және қайта даярлаудан өтеді. Орталықтың теңгерімінде 34 қызметтік ит бар. Өткен жылы орталықта 30 күшік дүниеге келді: 26 неміс овчаркасы және 4 малинуа. Күшіктер 45 күнге толғанда алғашқы сынақ – полиция қызметіне жарамдылық тестілеуінен өтеді. Оларды даярлау 4-6 айдан басталады. Қызметтен басқа полиция иттері тағы бір маңызды функцияны орындайды. Кинологиялық орталықтардың иттері аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған канистерапияға қатысады. Бала үшін ит мотиватор рөлін орындайды: ол бүлдіршінді белсенді жұмыс істеуге және жетістікке жетуге ынталандырады. Итпен қарым-қатынас психикалық және эмоционалдық қабілеттердің дамуына ықпал етеді, сонымен қатар қозғалыс функцияларын жақсартады. 2022 жылы кинологиялық бөлімшелердің қатысуымен 6023 құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде: 2360 ұрлық, 188 тонау, 26 қарақшылық, 55 кісі өлтіру деректері. 473 одорологиялық зерттеу жүргізілді, оның ішінде 378-і оң нәтижелі. Олардың нәтижелері көптеген қылмыстар бойынша дәлелдемелік базаға енгізілген. Синтетикалық есірткілердің көптеп таралуымен мамандарға қызметтік иттерді осы заттарды іздеуге үйрету міндеті қойылды. Химик-мамандар иісі барлық синтетикалық есірткілерде болатын заттарды бөліп алып, иіс имитаторларын дайындады. Қазір әр облыста полицияда жаңа психобелсенді заттардың иісін анықтап, таба алатын ит бар. Кинологтар қызметтік иттерімен бірге есірткі контрабандасы фактілерін анықтау үшін пошта жөнелтілімдерін тексеруге үнемі қатысады. Кинолог үшін иттің мінез-құлқындағы кез келген өзгерістерді байқау және оның сигналдарын оңай түсіну өте маңызды. Өткен жылы олардың көмегімен 636 келіден астам есірткі, оның ішінде 114 келі синтетикалық есірткі тәркіленіп, заңсыз айналымға жіберілмеді. Кинологиялық қызметтің арқасында есірткінің заңсыз айналымының 900-ге жуық фактісінің жолы кесілді. Кинолог өзінің Айрис атты серігімен бірге тыйым салынған заттарды табу мақсатында пошта жөнелтілімдерін тексеруде. Сәлемдемелер мен бандерольдердің арасында ол заңсыз есірткі заттарын іздеу үстінде. Ал мына Цезарь деген ит елдің бас қаласының теміржол вокзалында қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша қызмет атқарады. Кинолог төрт аяқты серігімен бірге жолаушыларды күту залын аралап, елордаға келген қонақтардың қол жүктерін тексеруде. Бұл иттің қоржынында 300-ден астам теміржол көлігі объектілерін тексеру бар, оның ішінде 12 есірткі құқық бұзушылық және бір қылмыс анықталды. Мысалы, Алматы – Қостанай жолаушылар пойызын тексеру кезінде жолаушыда салмағы шамамен 5 келі гашиш табылған болатын.