Маусым айының соңында президент Қасым-Жомарт Тоқаев электросамокат тебу ережелеріне өзгерістер енгізетін заңға қол қойды. Алайда жаңа ережелер әлі күшіне енбеді."Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға мемлекет басшысы 2023 жылғы 29 маусымда қол қойған болатын. Ал құжаттың мәтіні келесі күні, 30 маусымда "Казахстанская правда" газетінде жарияланды. Бұл ретте, заң мәтініне сәйкес, оның басым бөлігі алғашқы ресми жарияланған күннен кейін 60 күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Осылайша, ресми түрде қабылданған өзгерістер Қазақстан аумағында 2023 жылдың 30 тамызынан бастап күшіне енеді. Еске салсақ, мамыр айында Мәжіліс депутаттары самокат тебетіндерге бірқатар шектеу енгізуді көздейтін заң жобасын қабылдаған болатын. Ең алдымен электрлі самокаттар көлік құралы болып танылған болатын.