Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары ақысыз демалысқа шыға алады. Еңбек кодексіне енгізілген түзетулерге сәйкес, мұндай демалыс мерзімі 30 күннен аспауы тиіс, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ. ҚР Еңбек кодексіне түзетулер енгізілді, оған сәйкес тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер ақысыз демалыс алу құқығына ие болады. Осылайша, Еңбек кодексінің 97-бабы жаңа тармақпен толықтырылмақ. "Жұмыс беруші жұмыскерге тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын ұйымдарда болған кезеңде жалақы сақталмайтын, бірақ күнтізбелік 30 күннен аспайтын демалыс беруге міндетті. Жалақы сақталмайтын демалыс оның ұзақтығы көрсетіліп және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну туралы шарттың көшірмесі ұсыныла отырып, жұмыскердің жазбаша хабарламасы негізінде беріледі", - делінген түзетілген Заң мәтінінде. Түзетулер 16 маусымнан бастап күшіне енеді.