«Қазақстандағы аралас сайлау жүйесі Парламентті күшейтуге ықпал етеді». Бұл туралы Қырғыз Республикасының Президенті жанындағы ұлттық стратегиялық зерттеулер институтының сарапшылары мәлімдеді. Бүгін Алматыда ұлттық сараптамалық алаңының отырысы өтті. Жиынға қатысушылар аралас сайлау жүйесі және оны қолдану тәжірибесін сөз етті.Аралас сайлау жүйесі Қазақстанға таңсық емес. 1999 және 2004 жылы аталған жүйе елімізде болған еді. Бұл тәжірибе көршілес қырғыз елінде көп жылдар бойы жүзеге асырылып келеді. Қанатбек АЗИЗ, ҚЫРҒЫЗ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Біздің елдегі аралас сайлау жүйесінің әсері оң деп айта аламын. Ең алдымен, билік сайлау барысына бас сұққан жоқ. Бұл өте маңызды. «Жаңа Қазақстан» бағдарламасына сәйкес, Мемлекет басшысы бірде-бір партияға өзін ұсына алмайды екен. Біз бұл қадамды жоғары бағалап отырмыз. Қазақстан аралас сайлау жүйесі тәжірибесін сәтті іске асырады деп сенемін. Мажоритарлық жүйеге сәйкес, қандай да бір партияда тіркелмеген азаматтар өзін-өзі депутаттыққа ұсына алады. Бүгінде бір мандатты округте 29 орынға 609 кандидат бар. Әрқайсы өз аймағының өзекті мәселелерін көтеріп, бағдарламаларын ұсынады. «Яғни, жоғары бәсекелестік пен тартысты дода болмақ»,- дейді сарапшылар. Сондай-ақ, олар депутатты кері қайтару тәжірибесіне де тоқталып өтті. Алуа ЖОЛДЫБАЛИНА, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Біз қазір бір мандатты округтер бойынша сайланған депутаттарды кері қайтарып ала аламыз. Егер ауданға өткен депутат өзінің жұмысын толыққанды деңгейде атқармайтын болса, ондай сайлаушылар ауданда өздерінің шағымдарын бере отырып, депутатты кері қайтарып алады. Тура сол сияқты облыстық мәслихатта. Бұл депутатты қоғам тарапынан бақылау механизмі. Аралас сайлау жүйесі Жапония, Ұлыбритания, Германия сынды әлемнің көптеген мемлекеттерінде қолданылады. Бұл жүйе саяси партиялардың бәсекелестігін арттырып, жұмысын жандандырумен қатар аймақтардың да дамуына әсер етпек. М. Жақан