Қазақстандағы ауқымды өзгерістер қоғамда жаңа этика қалыптастыруды талап етеді. Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысы ХI Азаматтық форум қатысушыларына жолдаған үндеуінде айтты. Оны Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов оқып берді. Президент соңғы жиырма жыл ішінде бұл шараның тиімділігі мен қажеттілігі дәлелденіп, салмақты ойлар мен салиқалы пікірлер айтылатын алаңға айналғанына тоқталады. Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Әділдік пен гуманизм, өзара сенім мен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен білімпаздық, жаңа этиканың өзегі болуға тиіс. Мемлекет пен үкіметтік емес сектордың тығыз ынтымақтастығы елімізді жан-жақты дамытуға ықпал етіп, әділетті Қазақстанды құруға жол ашады деп сенемін,-Қасым-Жомарт Тоқаев. Форумға 600-ден астам адам қатысты. Оның ішінде Орталық Азия елдерінен келген делегаттар да бар. Жиында сөз алған мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева "азаматтық қоғамды дамытуда форумның маңызы ерекше" дейді. Соңғы үш жылдың өзінде осындай басқосуда қабылданған шешімдер бірқатар стратегиялық құжаттар мен заңдардың қабылдануына түрткі болған. Аида БАЛАЕВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ: Мемлекет басшысының азаматтық қоғаммен диалог пен әріптестікті дамыту туралы белгілеген барлық маңызды міндеттері, азаматтық қоғамның өзі көтерген мәселелері Азаматтық форумның шешімдері арқылы шешілді. Осы қадамдардың барлығы мемлекет пен азаматтық сектордың өзара іс-қимыл тетіктерін жақсартуға, оның толыққанды дамуына жағдай жасауға мүмкіндік берді.