Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға қосымша гуманитарлық көмек жіберуді тапсырды. Зардап шеккендерге көмек көрсету үшін апат аймағына шатырлар, жылытқыштар, жылы киімдер және басқа да қажетті заттар жөнелтіледі. Ал Түркияда білім алатын қазақстандық студенттерге отандық жоғарғы оқу орындарының есігі ашық. Бұл туралы ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек айтты. Түркияда әлі іздеу-құтқару жұмыстары жалғасуда. Жер сілкінісі әсер еткен 13 облыста 42 мыңға жуық ғимарат қираған. Толығырақ Сүндет Оралбеков айтады.Зілзала кезінде Дана Қайруллова жатақханада болған. Қазір ол елде, өз үйінде, ата-анасының қасында. Дана ҚАЙРУЛЛОВА, СТУДЕНТ: Бірінші дүмпуден кейін көп уақыт тостық та, екінші дүмпу болатын уақытын шамалай біліп алдықта, үйге барып чемодандарымызды алып, Қазақстанға қайтуға бел будық. Консулдықпен байланыстық. Олар бізге автобус жіберді. Және Анкара қаласынан тосып алды. Сонан кейін, келесі күні түнгі рейспен Қазақстанға ұштық. Түркияда кейбір университеттерде оқу уақытша тоқтатылды. Ал онда білім алып жатқан қазақстандық студенттер еліміздің жоғарғы оқу орындарында оқуын жалғастыруға мүмкіндік бар деді министр. Саясат НҰРБЕК, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРҒЫ БІЛІМ МИНИСТРІ: Қазір Сыртқы істер министрлігімен өте тығыз байланыстамыз. Біз шетелде оқып жүрген, оның ішінде Түркияда оқып жүрген өзіміздің азаматтарымызды, қандастарымызды қабылдауға дайынбыз. Ол үшін қабылдау ережелерін өзгерттік. Бұрын тек қана сессияның арасында немесе жазғы демалыстар кезінде ғана ауысатын болса, қазіргідей қиын жағдайда біздің университеттер қабылдауға дайын. Түркияның Нұрдағы қаласында бірде-бір үй тұруға жарамсыз. Қала толығымен бұзылып, қайта салынады. Қазір адам болуы мүмкін деген соңғы 8 үйде іздеу-құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Жергілікті биліктің айтуынша, қалада 40 мың адам болған. Осман БИЛГИН, НҰРДАҒЫ ПРОВИНЦИЯСЫНЫҢ ГУБЕРНАТОРЫ: Біз үлкен апатты бастан өткердік. Қала құрылысы министрі Куруммен бірге шешім қабылдадық. Барлық қоқысты тазалап, қаланы толық сүреміз, 100 пайыз. Қала қайта салынады. Бүгін Адана қаласында іздеу-құтқару жұмыстары аяқталды. Газиантепте де құтқару жұмыстары бітуге жақын. Егер іздеу-құтқару жұмыстары толығымен тәмәмдалса, қазақстандық құтқарушылар осы аптаның соңында елге қайтуы мүмкін. Олар осы уақытқа дейін 80 адамның денесін үйінді арасынан шығарды. 7-еуі бала. Кахраманмараш провинциясының Дулкадироглу ауданында жер сілкінісінен 198 сағат өткен соң екі ағайынды жігіт үйінді астынан құтқарылды. Бүгін таңертең ондаған құтқарушы 17 жастағы Мухаммед Энес Йенинар мен оның ағасы 21 жастағы Баки Йенинарды аман алып шықты. Алғашқы көмек көрсетіліп, ауруханаға жатқызылды. Ал олардың анасы екі күн бұрын құтқарылған. Қазір жел сілкінісі салдарынан көз жұмғандар саны 37 мыңнан асты. Бұл зілзала Түркия экономикасына шамамен 84 млрд доллар шығын алып келді.