Қазақстандықтар Бейбіт Жұқаев, Михаил Кукушкин және Денис Евсеев Шанхай мастерс турниріне жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Қазақстандық теннисшілердің үшеуі де іріктеу сайыстарының финалдық кездесулерін сәтті өткізді. Дүниежүзілік рейтингте 302-орында тұрған 22 жастағы Бейбіт Жұқаев әлемнің 293-ракеткасы, чехиялық Доминик Паланды 2 сағат 1 минутқа созылған тартысты бәсекеде 7:6 (8:6), 3:6, 6:3 есебімен ұтты. Сондай-ақ рейтингте 258-сатыдағы Денис Евсеев әлемнің 188-ракеткасы, тайбэйлік Ву Тун-Лиден айласын асырды – 6:4, 4:6, 6:3. Бұл жекпе-жек 2 сағат 11 минутқа созылды. Әлемнің 246-ракеткасы Михаил Кукушкин 300-орында тұрған аустралиялық Люк Сэвилді 6:3, 6:3 есебімен жолдан тайдырды. Қазақстандық теннисшілердің Шанхай мастерс додасындағы алғашқы қарсыластары кейін анықталады.